Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік желісі мемлекеттік жеке меншік серіктестік қағидасы бойынша іске қосылады. Жобаның жалпы құны 130 млрд теңгені құрамақ. Қазіргі таңда екі деңгейдегі ашық байқауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жеке серіктес мойнында жобалау, жол салу, жылжымалы құрамды алып келу және оны іске қосу сынды міндеттемесі тұр. Қоғамдық тасымалдаушы көлік Алматы Арена кешені мен Саяхат автовокзалы аралығында қатынайды деп күтілуде. Жалпы жеңіл рельсті көліктің үш құрамы болады.
«Қай жерде жүретін маршруты белгіленген. 22,7 шақырым болады. Ол қаланың ортасымен жүреді. Қаланың әкімі айтқаны бойынша Алматы Арена жақты сосын Саяхатты қосады деген. Сол жоба 22,7 шақырым. Ол Төле би көшесімен жүріп, Панфилов көшесімен төмен түсіп, Мақатаев көшесімен бұрынғы Жетісу деген алдындағы трамвай болған жол бойынша»,-деді Алматы қаласы жеңіл рельсті көлік басқару жобасы бойынша атқарушы директоры Ғани ТӘЖИЕВ.
Жоба бойынша келісімге 2019 жылдың мамыр айында қол қойылады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары 2 жыл жүргізіледі деп болжанып отыр.