Елімізде құрылыс материалдарын дайындайтын алып зауыттарда техникалық мамандар жетіспейді. Оған өңірлерді аралауға келген мәжіліс депутаттары көз жеткізді. Халық қалаулылары ат басын бұрған Алматыдағы кәсіпорын 400-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өнімі біздің ғана емес, көрші елдерде де сұранысқа ие зауытта қазір жұмысшылар тапшылығы бар. Олардың базынасын тыңдауға келген депутаттар мәселелерін жоғары деңгейде көтеруге уәде етті. Кездесу барысында, елбасының бес әлеуметтік бастамасы талқыланды.
«Бұл зауыттың өндірісі, өнімі жалғыз біздің республикамыз емес, шетелге де шығып жатқанын көріп отырмыз. Ал енді сол екі ортада шешілетін мәселелердің де бар екенін анықтап отырмыз. Әсіресе, міне біздің стандартпенен жоғарғы стандартпен шығып жатқан өнімді Ресейдің өзі кейбір кедергілерді тауып, сол өздерінің нарықтарына жібермей жатыр. Бұл да алаңдататын мәселе. Біз енді парламентке келіп, өзіміз көтеріп, шешетін жолдарын анықтаймыз», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Омархан ӨКСІКБАЕВ.