|
13.04.2017 | 10:58
3224

Алматыда заңсыз дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасуда

Алматыда заңсыз дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасуда

Алматыда заңсыз дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасып жатыр. Қос бірдей аудандағы рұқсатсыз салынған сауда орындары жермен жексен етілді. Жергілікті әкімшілік қызметкерлері заңсыз кәсіп иелеріне осыған дейін бірнеше ескерту жасапты. Әзірге, қарсы шығып, талапқа бағынбағандары жоқ. Барлығы қала көркіне нұқсан келтірген орындарды өз еріктерімен күреуде.

Жұмысшылар жүк көлігіне тиегелі жатқан бұл дүңгіршек аялдаманың қапталына жайғасыпты. Оны иесі осыдан 4 жыл бұрын тұрғызған. Содан бері шенділерден шімірікпестен пайдаға шаш етектен батып келді. Бірақ, заңсыз кәсіпке тықыр таянды ақыры.                               

«Аялдама кешені иесінің жерді жалға алу мерзімі аяқталған. Сол себепті, сауда орнын бұзып жатырмыз. Сот шешімі шыққан. Ал, оның орнына басқа аялдама кешені тұрғызылады»,- деді Жетісу ауданы Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы, Айбол ӨМІРБЕКОВ. 

Жетісу ауданы қызметкерлері мұндай кәсіпті жабайы саудаға балап отыр. Олар биылғы жылдың өзінде, табиғатты қорғау полициясымен бірігіп, 36 рейд ұйымдастырған екен. Нәтижесінде, заңсыз салынған 17 дүңгіршек пен 3 бірдей аялдама кешенін анықтаған. Ізінше, қожайындарына 820 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. 

Тас-талқан етілген бұл орын ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келген. Дүңгіршек қожайыны саудасын заңсыз ашып, кәсібін еш алаңсыз дөңгелетіпті. Бірақ, төбе көрсетпеді. Медеу ауданы әкімдігінің қызметкерлері ескерту жасаған соң, сауда орнын өз еркімен бұзуға келіскен екен. Дүңгіршекті күреуге жұмысшылар жалдаған. 

«Біз дүңгіршек иесімен жолығып, өзара келістік. Еш қарсылық танытқан жоқ. Дүкенді өз еркімен сүріп жатыр. Кеш батқанша толық бұзамын деп уәде берді»,- деді Медеу ауданы Кәсіпкерлікті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы, Берік СҰЛТАНБАЕВ.                                           

Медеу ауданында былтыр осы тектес 50 дүңгіршек жойылған екен. Ал, жыл басынан бері 35 орын жермен жексен етілді.  Шенділер ауқымды жұмыс мұнымен тәмамдалмайды деп отыр. Олар жылдың соңына дейін аудандағы барлық заңсыз сауда орындарын сүретін болады.                      

¤Дастан Сейілханұлы, Рашид Шүкірәлиев, "Алматы" телеарнасы   



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир