Алматыда әскери қызметші, қарулы шабуылдан тұрғындарды аман алып қалды. Күдікті қаладағы тұрғын үйлердің бірінде емін-еркін жүрген. Қалтасынанда граната, қолына тапанша ұстаған есерсоқ пәтер иелеріне қол жұмсаған. Қолындағы гранатамен барлығын жарып, жер жастандырамын деген күдіктінің қаруы ойыншық болып шықты. Бірақ, ойнаймын деп от басқан апталдай азамат бәрібір заң алдында жауап бермек.
Зәкір Қарашев 1-ші қаңтарда отбасымен досының үйіне қонаққа барады. Отырыс қыза түскенде есікті белгісіз біреу қағыпты. Үйдің иесі есікті ашқанда алдынан шыққан күдікті маңдайына тапанша тіреген.
«31-ші желтоқсанда менің қызым дүниеге келген болатын. Ертесі достарым құттықтап келді. Түнгі 11 мен 12-лер шамасында біреу есіктің қоңырауын басты. Мен есікті ашып, кімге келдіңіз деп сұрағанымда. Ол дұрыс жауап бермеді. Былапыт сөздер айтып, маған айқайлай бастады. Сәйкесінше, достарым шыға келді. Сол сәтте, ол қалтасынан қару алып, бізге қарай бағыттады»,-деді жәбірленуші, Андрей ХЕГАЙ.
Жылдам қимылдаған Зәкір Қарашев қарақшының қолындағы тапаншаны қағып түсіреді. Бірақ, шақырылмаған қонақ екінші қолымен қалтасынан граната алып шығады. Шапшаң қимылдаған десантшы оны да қолымен шап беріп, шабуылшының қолынан суық қаруды жұлып алыпты.
«Қолынан қарудың барлығын алғаннан кейін, біз оны байлап, полицейлерді шақырдық. Олар келіп, суретке түсіріп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Күдіктіні тінту кезінде қалтасынан пышақ шықты. Сонымен қатар, жалған ақшалар мен газ баллоны табылды. Ұсталған азамат суық қарудың барлығы өзіне тиесілі екенін тәртіп сақшыларына мойындады»,-деді Алматы қаласы десанттық-шабуыл әскерінің подполковнигі, Зәкір ҚАРАШЕВ.
Күдікті Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген. Бейбіт елге бүлік салған қаскөйдің қолындағы тапанша мен гранатаны тексерген құзырлылар қарудың ойыншық екенін кейін бірақ білген. Мас күйінде сүйіктісін іздеп жүріп от басқан азамат енді «бұзақылық дерегі бойынша» қылмыстық жазаға тартылмақ.
Өмір Әнуарбек Әсет Құндақбаева, «Алматы» телеарнасы