Алматыда оқушыларды шаңғымен сырғанауды тегін үйрету қыс аяқталғанша жалғасады

18.01.2018 22:41

Оқушыларды шаңғымен сырғанауға тегін үйрету қыс маусымы аяқталғанша жалғаса береді. «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында қала әкімдігінің қолдауымен 1-ден 11-ші сынып оқушыларын шаңғы тебуге тегін үйрету сабақтары үш жерде өтіп жатыр.  Әр оқушы күніне бір сағаттан бес күн оқуға қатыса алады.  «PIONEER», «Шымбұлақ» және «Звездная поляна» шаңғы  демалыс орындарында оқушыларға қажетті жабдықтар қосымша тегін беріледі. Ұйымдастырушылар оқу ашылғалы екі мыңнан астам баланың аяғына шаңғы байлаған.

«Осы базамызда он бес шақты группа ауысым жұмысын өткізеді, үйренеді. Әр топта он бес баладан»,-деді "Спорттық Алматы" бағдарламасының жетекшісі, Айдос БАҒАШОВ.

Қысқа мерзім ішінде оларға дүрыс тоқтау, жылдамдық алып төмен түсу, бұрылу техникасын үйретеді. Ал, «PIONEER» отбасылық тау курортында 4 пен 20 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға да арналған сабақтар бар. Жалпы, нарықта нұсқаушы арқылы ақылы түрде шаңғы үйретудің бір сағаттық құны киіммен қоса есептегенде 25 мың теңгеге дейін жетеді. Ал мұндай бағаны әр ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан, тегін сырғанау арқылы бұқаралық спортты дамыту үшін барлық қаржыны қала әкімдігі көтеріп отыр.

«Бұрын сырғанап көрген жоқпын. Үш күн сырғанап жүрмін. Бірінші қиын болды. Сосын барып қана үйрендім»,-деді Айғаным ӘСКЕРБЕК.