Алматыда Фурманов көшесін ұзарту жұмыстарының қашан басталатыны әзірге белгісіз

03.05.2017 15:18

Алматыда Фурманов көшесін ұзарту жұмыстарының қашан басталатыны әзірге белгісіз. Өйткені, белгіленген аумақта тұратын тұрғындар жергілікті билік өкілдерімен бір ымыраға келе алмай отыр. Телім иелері мемлекеттен берілетін өтемақыны азсынуда. Сондықтан, олар қайта есептеу жүргізуді талап етуде. Әрі жер телімі мен баспанасының құны қазіргі нарықтық бағамен есепке алынуы керек деп отыр. Бұқара уәжін Айдана Мейрамбайқызы тыңдап келді.

Биыл шаһар билігі Фурманов көшесін темір жолдың үстінен эстакада арқылы Жансүгіров көшесіне дейін ұзарту туралы шешім шығарған еді. Қала орталығымен солтүстікті жалғайтын қосымша көлік дәлізі кептелісті 20 пайызға қысқартатын көрінеді. Сондықтан да, көп күттірмей құрылыс басталуы тиіс болатын. Алайда, тұрғындар мен шенділер бір мәмілеге келе алмай отыр. Үйлері қызыл сызыққа түсіп, сүруге кететін қараша халық осыған дейін жүргізілген есептеумен келіспеуде. Сол себепті, олар жиын өткізіп, қайта есептеу жүргізуді талап етті. Әрі, жер телімі мен баспананың құны қазіргі нарықтық бағамен есепке алынуы тиіс деді. 

«Соған қазір 31 млн беріп жатыр. Бірақ, ондай ақшаға дәл сондай үй алу мүмкін емес. Енді қазір балаларымыз өсті, барлығы мектеп бітірейін деп жатыр, биыл 11 сынып оқиды. Қызым 10 сынып оқиды, ұлым студент. Енді олардың барлығын қазір біз аяқтандырып жатырмыз. Біз енді осы уақытқа дейін үйді салып, жағдайымызды жасадық. Енді дәл қазір  бізге қиын болып жатыр»,- деді Қала тұрғыны, Алмагүл ДӘУЛЕНОВА. 

Ольга Белунина да ұсынған өтемақыны азсынып отырған көптің бірі. Есептеушілер оның 3,5 соттық жерге салынған 88 шаршы метр үйін 18 млн теңгеге бағалапты. Десе де, талай жылдан бері орталықта тұрған келіншек бұл қаржыға тек қаланың шетінен құрқұлтайдың ұясындай үй алуға болады дейді.

«Үйдің құны дұрыс есептелмеді. Менің үйім жетпісінші жылдары салынған, бірақ бертін келе толықтай жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бірақ, құжатта бұл ескерілмеген. Үйімді ескі күйінде есепке алыпты»,- деді Қала тұрғыны, Ольга БЕЛУНИНА. 

Жалпы Фурманов көшесін ұзарту кезінде бас-аяғы 331 үй сүріледі екен. Бірінші кезеңде 97 үйді күреу көзделіп отыр. Бұған дейін, жер телімдері мен баспаналарды бағалаумен петропавлдық компания айналысыпты. Тұрғындар Алматының нарықтық жағдайын білмейтіндердің есептеу жүргізгеніне налыды. Осы ретте әкімдік өкілдері де аталмыш компанияның салғырт жұмыс жасағанын жасырмады. Олар бағалау рәсімдерінің тиісті құжаттарын белгіленген мерзімде бермей, созбаққа салыпты. Сондықтан, әкімдік компания үстінен сотқа шағымданбақ. Ал, тұрғындардың өтініші бойынша қайта есептеу тағайындалып, онымен жаңа компания айналысатын болды.

«Екінші бағалау рәсімі 1-2 айда өтуі тиіс. Барлық рәсімдер өткізілетін болады. Халықпен тиісті келісімге жеткеннен кейін ғана немесе тиісті соттың шешімі шыққаннан кейін ғана біз үйлерді сүрілімге алатын боламыз. Біз деген халықтың құқығын, халықтың жерге, үйіне, жеке меншігіне тиісе алмаймыз. Ол конституцияда жазылған. Тек өзінің келісімі немесе сот шешімі»,- деді Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, Ардақ САМАМБЕТОВ. 

Жауаптылар тұрғындардың үй құны ғана нарықтық бағамен есептелетінін жеткізді. Ал, жер учаскесі кадастрлік құнмен немесе келісімшартта көрсетілгендей етіп бағаланады. Бұған келіспей, өтемақыны қанағат қылмағандары сотқа шағымдана алады. Қазір халыққа өтемақы беру үшін мемлекеттік бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Егер бұл қаражат жетпесе, ел қазынасынан қосымша қаржы қарастырылмақ. 


Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы