Алматыда дамуында ерекшеліктері бар балалар саны 7 мыңнан
астам. Қалалық оңалту орталықтарының құрамына кіретін кабинеттер желісі
жылына шамамен 800 балаға қызмет көрсетеді. Бұл көмекті қажет ететін
балаларға жеткіліксіз екені айтпаса да белгілі. Түзету кабинеттерінің
санын арттыру «Дара» қайырымдылық қорының алғышарты болып отыр.
9 жасар Нұрсат дүниеге келген кезде денсаулығы жақсы болған. 5 айлық
кезінде екпе еккеннен соң сіңірі тартылып, жан сақтау бөліміне түскен.
Сондан бері сал ауруымен күресіп келеді. Анасы баласының бұған дейін
жүріп, сөйлемегенін айтады. Психолог-педагогикалық түзету орталықтарының
арқасында, жүйелі ем қаблдап, мамандардың жұмысы жақсы нәтиже
көрсетуде,-ейді.
"Мойнын ұстай алмайтын бала, сөйлемейтін, еңбектемейтін. Осы биыл
еңбектей бастады. Бауырымен жорғалайтын. Бес жарым жасында бала отырды.
Мойнын екі жарым жасында ұстады. Сөйтіп, ақырындап қалыпқа келіп
жатыр",- деді Нұрсаттың анасы, Айнұр РАХИМОВА.
Қала әкімі Бауыржан Байбек дамуында ерекшеліктері бар балаларға
арналған орталықтың жұмысымен танысты. Орталықта емдік дене шынықтыру
жаттығуларына арналған бөлме, Монтессори құрал саймандары, «Дельфа» есту
және сөйлеуді дамытуға арналған компютерлік бағдарламалар, дамытатын
ойындар мен материалдар бар. «Дара» қайырымдылық қоры мен қалалық
биліктің серіктестігі аясында ашылған орталық жылына шамамен 280 баланы
қабылдауға қауқарлы. Айта кетейік, түзету орталығында бір мезгілде 70
бала тегін 3 айлық курстан өтеді.
"Мемлекет тарапынан қолдау қашанда болады. Дамуымыз бірітіндеп
байқалуда. Бұрын осындай орталықты тұрғызу мүмкін болмаса, қазір бұл
жақсы жұмыстың арқасында жүзеге асып жатыр. Орталықтың жаңа, жайлы және
пайдалы болғаны халық үшін маңызды. Көмекке мұқтаж жандар саны аз
болғаны дұрыс емес пе",- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Биыл Алматыда ерекше балаларды түзетуге арналған төрт орталық ашылды.
Кезекте тұрған ерекше балалары бар ата-аналар үшін бұл жағымды жаңалық.
Орталықтарда баланы дамытумен қатар, ата-аналарға мастер-класстар
жүргізіледі. Мұндай мекемелердің ашылуы аясында 55 жұмыс орны құрылған.
"Әр түрлі балалар келеді. Яғни бойында кемістігі бар балалар. Сондай
балаларды алып келіп, бір бірімен сөйлетуге, қарым-қатынас жасауға.
Өмірге қызығушылығын ояту мен үшін маңызды. Баланы ойын арқылы
дамытамыз. Барлық түзету процессі ойын арқылы жүреді",- деді Психолог
маман, Айман МҰХАММЕДАЛИ.
Мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген әлеуметтік
нысандар саны күн санап артуда. Қала бойынша бала-бақша, ойын алаңдары,
жаңа мектептер, арнайы орталықтар тұрғындар игілігіне берілуде.