Медеу ауданының кейбір қоғамдық орындарында кембағалдарға арналған құрылымдар жетіспейді

08.09.2017 17:49

Медеу ауданының кейбір қоғамдық орындарында әлі де кембағалдарға арналған құрылымдар жетіспейді. Аудан әкімдігі бұған дейін 170-ке жуық нысанға ескерту жасап, ондағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай қолайлылық болуы керектігін құлағдар еткен. Қазір оның тек 100-ге жуығы ретке келтіріліпті. Жауапты қызметкерлер мен «Мүгедектердің еріктілер қоғамы» халық көп баратын орындарға кезекті тексеру жасады. Медициналық орталық, бірнеше асханалар, кинотеатр мен әлеуметтік дәріханалар көзге ілінді. Бақыланған нысандарда көбіне көзі нашар көретіндерге тактильді бағыт, арбаға арналған баспалдақтар мүлде жоқ болып шықты. Ал тексерілген мекемелерге кем дегенде 250 мың теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін.


«Мүгедектерге арналған нысандар көбіне дұрыс жасалмаған немесе соңына дейін ойластырылмаған. Бір жерде арбаға арналған баспалдақ болса, енді бірінде мүлде жоқ. Кейбір орындарда бар, бірақ өте қауіпті көрінеді», - деді І топтағы мүгедек Игорь ПЕТРЕНКО.

 

Белгіленген ереже бойынша әлеуметтік орындарда болатын арбаға арналған баспалдақтың биіктігі 5 сантиметрден жоғары болмауы керек. Ал ені 120 сантиметр болуы тиіс екен. Бұл қойылған талаптардың бірнеше мысалы ғана. Қазір тек Медеу ауданында ғана 4 жарым мыңнан астам мүгедек жан тұрып жатыр.  


«Біздің ауданда қазіргі таңда 120 аула жаңа құрылыстары жүріп жатыр. Сол жерде біз қанша мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрады, қаншау бар, осыларды анықтау жұмыстарын жүргіздік.  Сараптама көрсеткендей біз 15 ауладан мүмкіндігі шектеулі жанның тұратынын анықтадық»,- деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани МАЙЛЫБАЕВ.