Алматыда жұмбақ жағдайда жоғалған жігіт іздестіріліп жатыр

Алматыда жұмбақ жағдайда жоғалған жігіт іздестіріліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 24 жастағы жігіт іздестіріліп жатыр. Ол 5 күннен бері хабар-ошарсыз кеткен. Туыстарының айтуынша, Әлихан Ишимов жұмбақ жағдайда жоғалған. Өйткені, жігіттің темір тұлпары әуежай жақтағы өзен маңынан табылыпты. Ішінде иесіне тиесілі заттардың барлығы сол қалпы қалған. Қазір жоғалған жігіттің суреті әлеуметтік желілер мен басылымдарға жарияланды.

Әлихан Ишимов 16 қарашада кешкісін көліктері бұзылып, жолда қалған достарына көмек беруге үйінен шығып кеткен. Анасына көп ұзамай оралуды ескертіпті. Алайда, жас жігіттен содан бері хабар жоқ. Ал, темір тұлпары Алматы әуежайының жанындағы өзен маңынан табылыпты.

Әлихан тізгіндеген көлікті туыстары ертесінде таңғы сағат 10-дар шамасында дәл осы өзен маңынан тауып алыпты. Ең қызығы көліктің есігі ашық тұрған. Ішінде кілті мен иесінің ұялы телефоны, сондай-ақ ақша мен құжат салынған әмияны аман-сау тұрған.

Қазір, жұмбақ жағдайда жоғалған жігітті туыстары мен достары шарқ ұрып іздестіруде. Олар, Әлиханның ешкіммен араздығы жоқ, кішіпейіл жігіт екенін алға тартты. Ал, көлігі табылып ішіндегі ақшасына дейін сау тұрғаны көңілге күдік ұялатады дейді. 

«Оны 18-і күні осы аумақтардан кішкентай балалар көріпті. Олар Әлиханның киген киімдерін дәлме-дәл суреттеп берді. Үстінде жасыл куртка, қара спорттық шалбар мен кросовки болған. Білмейміз, не ойларымызды, қайда кеткенін. Тек аман-есен оралса екен дейміз. Сол күні екеуіміз кездесу керек едік, сәті келмеді»,-деді Ә.Ишимовтың досы, Ерназ ТҮСІПОВ.

Әлиханды табу үшін ата-анасы қолдарынан келгеннің барлығын жасап бағуда. Олар балаларының көлігін тапқан бойда, полицияға хабар беріпті. Алайда, ондағылар шарасыз ата-ананы бір ауданнан, екінші ауданға сенделтіп қойған көрінеді. 

«Түрксіб ауданының Ішкі істер басқармасына барып өтініш жаздық. Олар шамамен баламыздың қайда кеткенін сұрады да, бізді Алатау ауданына жіберді. Ондағылар, көлікті әуежай маңынан таптыңдар деп, қайтадан Түрксіб ауданына жіберді. Өтінішімізді Түрксіб ауданына жолдадық, дүйсенбіден бастап олар айналысады деп хабарлады. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Ешкім хабарласпады. Жұмыс істегісі келмейді»,-деді Ә.Ишимовтың анасы, Гауһар ИШИМОВА.

Алайда, қалалық Ішкі істер департаментіндегілер іздеу жүргізіліп жатқандығын және қазір болған жағдайдың бірнеше нұсқасы барын хабарлады. Бірақ, бұл ақпаратты тергеу мүддесі үшін жария етпеді. Ал, Әлихан Ишимовтың туыстары оны көрген куәгерлерден қандай да бір мәлімет күтуде.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров