"Ғылым көшбасшысы - 2016" халықаралық сыйлығының иегерлері марапатталды

"Ғылым көшбасшысы - 2016" халықаралық сыйлығының иегерлері марапатталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Білім және ғылым вице-министрі Асланбек Арминнің айтуынша, Отандық ғылыми жобалар мен орталықтардың жұмыстарын қолдау үшін бөлінген қаржы көлемі 39 пайызға көбейген. Нәтижесінде, отандық ғылым саласы соңғы 5 жылда ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткішке жетті. Халықаралық сарапшы Виджи Кришнанның айтуынша, Қазақстандық ғалымдардың еңбегі ТМД мемлекеттер арасында көш бастаған. Яғни, Өзбекстан, Қырғыз және Тәжікстанға қарағанда еліміздегі ғылыми жаңалықтар мен жетістер саны жыл сайын артуда.

 «2050 жылы әлемдегі халық саны 9,5 млрд. адамға жетеді. Алайда, әлі күнге дейін 2 млрд. адам азық-түлік пен электр жарығына жете алмай отыр. Осы орайда, Қазақстандық ғалымдар көптеген зерттеулер жасаған. 12 түрлі саланың ішінде дәрі-дәрмек, ғарыш және балама энергия көздері маңызды орында. Қазақстандық ғалымдар соңғы жылдары үлкен зерттеулер жасады. Нәтижесі де жақсы»,- деді "Thomson Reuters" компаниясының бөлімше директоры, Виджи КРИШНАН.

 Форум аясында 31 ғалым үш номинация бойынша "Ғылым көшбасшысы - 2016" халықаралық сыйлығымен марапатталды. Олар медицина, білім беру, физика, химия, археология, техникалық және биологиялық ғылымдар саласында жаңалық ашып, тың зерттеулер жасаған. Назарбаев Университетінің ұжымы жоғары оқу орындарының шәкірттері үшін әлеуметтік және білім беру саласы аясында бірқатар зерттеулер жасаған. Еңбектері халықаралық сарапшылардың қолдауына ие болып, шет тілдеріне де аударылыпты.

 «Назарбаев университеті жоғары білім беру мектебінен үш автор біздің әріптесіміз Пенсилвания университетінің жоғары білім беру мектебімен бірлесіп жазған мақаламыз бар. Ол мақала дүниедегі білім беру саласындағы журналдардың арасында екінші орында болатын Еducation research деген журналда шықты»,- деді Назарбаев Университеті жоғары білім беру мектебінің кіші ғылыми қызметкері, Зәкір ЖҰМАҚҰЛОВ.
 

Қазір ғалымдар ғылыми жаңалық ашып, зерттеулер жасау үшін әлемдік ортақ платформаны пайдаланады. Онда 120-дан астам мемлекеттің 7 мыңнан аса зерттеу орталықтары тоғыстырылған. Ғылыми еңбектер қорына отандық ғалымдардың тың жобалары мен жетістіктері де тіркелген.

 Аршын Кемелжан, Қанат Кигизбаев, "Алматы" телеарнасы

 

 

Новости партнеров