Алматыда өзінің ұлын қорғаймын деген 35 жастағы әйел біреудің баласын сабап тастады. Ашуға булыққан келіншек 10 жасар баланы ұрып-соғып, подъездге қамап кеткен. Ал бұл сәттер аулада орнатылған бейнекамераларға түсіп қалыпты. Жағдайдың анық-қанығымен әріптесім Назкен Байтілес танысып қайтты.
6 маусым күні әдеттегідей бірге ойнап жүрген балалар арасында болмашы кикілжің туындайды. Алайда, балалыққа салынған жеткіншектердің қақтығысы шиелене түсіп, төбелеске ұласыпты. Бұл туралы өзінің жеке парақшасында Дмитрий Ветер есімді қолданушы жариялаған еді. Оның сөзінше, 13 жастағы Санжар мен 10-дағы Женя есімді өскіндер доптың артынан кім баратынын шеше алмай, бір-бірімен ерегесіп қалған. Қолына таяқ ала жүгірген Женя қарсыласын ұрып жібергенге ұқсайды. Сол мезетте Санжардың анасы келіп, Женяны тәртіпке салмаққа бекініпті.
Оқиға дәл осы алаңда күндізгі уақытта орын алған. Екеуара араздасқан балаларды ажыратамын деген ананың әрекеті мына подъезде ілініп тұрған бейнекамераға түсіп қалған.
Біз мән-жайды анықтау үшін балалардың ата-аналарымен тілдеспекке ұмтылдық. Алайда, халінің нашарлығын жеткізген Женяның анасы көзге көрінуден бас тартты. Десе де толғандырған сұрақтарға Женяның үлкен ағасы бізге сырттай ғана жауап беруге келісті.
«Қазір інім далаға шығуға қорқады, әлі есеңгіреп жүр. Өзіңіз ойлаңыз, үлкен денелі адаммен арпалысу деген қандай екенін. Күштері теңеспей, ештеңе жасай алмаған. Ауруханада 3 күн жатып шықты, дәрігерлер миы шайқалып, қабырғасына зақым келген деген диагноз қойды»,- деді Женяның ағасы.
Бейнекамераға түсіп қалған жазбада бір балаға бірнеше адамның жабылғаны айдан анық көрініп тұр. Соңында әйел баланы жалғыз қалдырып, есіктің сыртынан бірнеше минут ұстап тұрады. Алайда, артынша келіншек Женяның отбасынан кешірім сұрауға келген көрінеді.
«Иә, ол кешірім сұрауға келді. Сол кезде ол өзін қорғау үшін бірнеше рет соғып қалғанын айтты. Бірақ біз ол кезде видеоны көрмеген едік. Арнайы заңы бар мемлекетте тұрамыз ғой. Әрі қарайғы шешімді сот өзі шығарады»,- деді Женяның ағасы.
Ересек әйелдің өрімдей баланы бір бұрышқа тақап тұрып, аяусыз соғып жатқан әрекеті әлеуметті бей-жай қалдырмады. Өзі болмаса да, соққыға жыққан әйелді бір аулада тұратын көршілес тұрғындар ақтай түсті. Олардың сөзінше Санжардың жанұясы тәрбиелі, салиқалы отбасына ұқсайды.
«Ол отбасы өте тәрибелі жанұя. Мен оны жақтап айтып тұрғаным жоқ. Қазір олар ұялғаннан тіпті далаға да шыға алмай қалды. Балалары да көрінбейді. Оның 4 баласы бар, бәрінің тәртібі жақсы, оқуларын да беске оқиды. Кіші балалары әркез амандасып өтеді, ал үлкені қарттарға көмектесіп жүреді. Ал Женя болса, оны жаман демеймін, бірақ ол өте белсенді бала»,- деді Көршісі.
«Ол үйді өте үлгілі отбасы десем артық айтпаймын. Балалары да мектепте озат оқиды. Кешкі сегізден кейін көшеге шықпайды. Ал мына үйдің баласы қашан қарасаң сыртта жүреді»,- деді Көршісі.
Енді 35 жастағы келіншекті кім қалай ақтаса да, соңғы шешімді құзырлы орын шығарады. Ішкі істер департаменті, қазір бұл іс бойынша тергеу амалдарының жүргізіп жатқандығын мәлімдеді.
Назкен Байтілес, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы