Ұйыған ұлт - ұшпаққа шығады. Алматыда бірлік күні кең көлемде атап өтілді. Айтулы мерекеге арналған басты шара Абай алаңында ұйымдастырылды. Онда әрбір этно-мәдени бірлестік өкілдері шатырлар тігіп, келушілерге қонақжайлық танытты. Бұқара қарақұрым жиналған мейрамға қала әкімі Бауыржан Байбекте қатысып, алматылықтарды құттықтады. Шаһар басшысы тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерді тізбектеп, болашаққа бағдар жасады.
Елдегі бірлік күнін ерекше тойлайтын жанның бірі - Мерием Бекирова. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария Қазақстанға небары 22 жасында Қырымнан жер аударып келген. Ілгеріде Оралда тұрып, кейін Алматыға қоныс тепкен. Отбасын құрып, ұрпақ өрбіткен. «Қиын-қыстау кезеңге қарамастан қазақ халқы бір үзім нанын бөліп беріп, құшақ жая қарсы алды» деп, сол заманды сағынышпен еске алды кейуана.
«Өте жақсы қарсы алды. Рахмет! Еліме рахмет айтамын. Өте жақсы тұрдық қазір құда, құдағи болып жүрміз қазақтармен бірге. Балаларымның барлығы осында туды, немерелерім, шөберелерім барлығы осында Қазақстанда, Алматыда»,- деді Қала тұрғыны, Мерием БЕКИРОВА.
Қазір қазақ жерінде Мерием апай сынды көшіп келген 100-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Өткеннен сыр шертіп, бүгінгіге баяндап отырған кейуананың қолынан шаһар басшысы да дәм татты.
Бауырмал да қонақжай қазақ халқының құшағы кім-кімге де айқара ашық. Сондықтан болар, еліміз бірлік күнін ерекше атап өтеді. Жылдағы дәстүр бойынша қала әкімі Бауыржан Байбекте Абай алаңындағы мерекелік салатанатқа қатысты. Ол әрбір этно-мәдени бірлестік өкілдері тіккен шатырларды аралап көріп, барша жұртты мерекемен құттықтады. Шаһар басшысы өз сөзінде Алматының 25 жылда жеткен жетістіктерін мадиықтады.
«Елімізде мекен еткен мәдениеті, діні мен ділі әртүрлі этнос өкілдері бір атаның баласындай тіршілік етуде. Барлық этностарға өздерінің өнерін жаңғыртуға, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтауға және дамытуға, ана тілдерін оқытуына мүмкіндік жасалды. Мемлекет басшысының көрегендігімен осыдан 22 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы ел бірлігін нығайтуда баламасы жоқ институт екендігін дәлелдеді»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Мерейлі мерекеде әрбір ұлт өкілдері өздерінің қолөнер бұйымдарымен, музыкалық аспаптарымен және көз тартар ерекше киім үлгілерімен таныстырды. Көрермендер үшін шеберлік сыныптары да өткізілді. Сонымен қатар, фудкорт аймағы да ұйымдастырылып, мұнда мерекеге келгендер түрлі этностардың ұлттық астарынан дәм татты. Ал, саусағынан бал тамған өзбектің аспаздары 300 келіден астам палау пісіріп, тұрғындарға таратты.¤
Алаңның төріне қойылған алып сахнада қазақ эстрада жұлдыздары мен этно-мәдени бірлестік өкілдері өнер көрсетті. Концертте татулық пен бірлікті дәріптейтін, әрі патриоттық әндер шырқалды. Республика сарайының алаңында өткізілген бірлік күнін тойлау шарасына бас-аяғы 5000-нан астам адам қатысты. Сондай-ақ, шаһардың 8 ауданында да бірлік күніне арналған қызықты шаралар ұйымдастырылды.
Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы