|
27.02.2018 | 21:03
3273

Алматыда заңсыз салынған ғимараттар сүрілді

Алматыда заңсыз салынған ғимараттар сүрілді

Ғимараттың сүрілер мерзімін білсе де, ақшаға құныққан кәсіпкер сауда орындарын жалға беріп, саудагерлерге жалған ақпарат берген. Салдарынан сау етіп жетіп келген сот орындаушылар алаңсыз отырған саудагерлердің дүкендерін  қиратып тастады. Құжатсыз салынған құрылыстың ішін кеше ғана жөндеп жұмысын бастаған кәсіпкерлер болса енді  шығынын кімнен дауларын білмей дал.

20 шаршы метрлік жерді жалға алып, бәліш, құймақ, самса сынды жеңіл ас сататын Анар тұрған орны үшін айына 100 мың теңге төлейді. Тұрғындар толсасыз жүретін жерді тапқанына қуанған қыз дәмхананы жасақтауға біршама шығындалыпты. Ал таң атпай ауыр техника сауда орындарын қирата бастағанда, абдырып, айтарға сөз таппай қалды.

«Билік өкілдері тосын сый жасады. «Сіз неге жайбарақат жүрсіз? "Қазір сүреміз, жиналыңдар, кетіңдер» деді. Бізге қожайын да, басқасы да бұлай болады деп ескерткен жоқ. Ал осы жердің иесі болса, «тұра беріңдер, кетпеңдер» деп айтты», - деді Анар ҚҰНДАЕВА.

Анар сияқты асып-сасып, заттарын әкете алмай жүрген өзге де саудагерлер аз емес. Абай даңғылының бойындағы 600 шаршы метрлік екі қабатты құрылыс толық бітпесе де, оған  иелік еткен әйел алдындағы алты орынды жалға беріп, әрқайсынан қомақты қаржы  алып отырған. 

«Құзіретті органның хабарламасынсыз құрылысты жүргізген және де аталған нысан қызыл сызықта орналасқан. Алматы қаласы және сәулет құрылыс басқармасымен аталған заң бұзушылықтар анықталғаннан кейін Бостандық ауданының аудандық сотына талап арыз жолданды аталған нысанды бұзу жөнінде», - деді Алматы  қаласы мемлекеттік  сәулет -құрылыс бақылау  басқармасының  бөлім  басшысы Олжас ТӨЛЕБАЕВ.

Қаланың ортасынан құрылысты құжатсыз-ақ салып алған кәсіпкер әйел жергілікті билікпен бірнеше рет соттасып, жеңілген. Сот орындаушылар ескерту бердік десе де, ештеңе естімедім деген әйел сауда орындарын жалға беруін жалғастыра берген.

«Бұл жерде жағдай басқаша. Бұрын қожайын басқа адам болған және оған сот шешімі шыққан. Қазір бұл ғимараттың иесі басқа азамат. Сот процесі әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Біз сүруді бірнеше аптаға тоқтата тұру туралы арыз бердік. Бірақ ешқандай ескертусіз құрылысты құлатып тастамақ», - деді адвокат Ромиля МҰХАМЕДИЕВА.  

Адам аяғы аз емес, алушылар көп жүреді деген аумақты қалайда қармап қалуға тырысатын пысық кәсіпкерлер Алматыда аз емес. Жер мен құрылысты заңсыз иемдеген 33 адамға былтыр сот шешімі шығып, алды-артын болжамай білгенін істеген жандардың 19 сауда орны күшпен қиратылды. Ал мына қатар-қатар тұрған  көп дүкенге жұмсаған қаржысын желге ұшырған саудагерлер енді  өздерін алдаған қожайындарды сотқа бермек.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир