Алматыда автобус бойжеткенді қағып өлтірді

19.04.2018 02:47

Алматыда қоғамдық көлік адам қағып кетті. Қазір полицейлер бейнебақылау камерасына түскен жол апатын тексеріп жатыр. Салдарынан 24 жастағы азаматша қаза тапты. 

24 жастағы қыздың өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты дәл осы жерде: Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында,  бүгін таңертең орын алды. Бейнебақылау камераларындағы жазбаға сәйкес, бойжеткен жолды бағдаршамның жасыл түсіне кесіп өтпек болған. Алайда 126 бағыттағы автобус сол мезетте қызды қағып өтеді. Қақтығыс салдарынан қыз бірнеше метрге ұшып түскен. Жедел жәрдем келем дегенше бойжеткен сол мезетте жан тәсілім етті.

Жол апатына қатысы бар автобус 126 бағытта жұмыс жасаған. Ол «Green Bus» компаниясына тиесілі екен. Компанияның өкілдері мәлімдегендей, 41 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, автобустың тізгіншісі осы уақытқа дейін бірде бір рет жаман қылығымен көзге түспеген деседі.

«Автобус жүргізушісінің еңбек өтілі 7 жыл болған. Біздің компанияда жүргеніне 2 жыл болды. Бұл уақытта тек қана бір-ақ рет айыппұл салынған,  бағдаршамды стоп сызығын басқаны үшін. Қалған кезде ешқандай айыппұл болмаған. Сондықтан біздің мамандар ол жүргізушіні негізі тәртіпті жүргізуші деп бағалап отыр. Мекен Айғанымның жанұясына біздің компаниядан жәрдем жасаймыз» , -деді «Green Bus» ЖШС директорының орынбасары Бахытжан РЫСБАЕВ

Қаза тапқан қыз туралы әзірге мәлімет жоқ. Тек оның 24 жаста екені белгілі болған. Ал осы уақытта Алматы қаласының Ішкі істер департаменті оқиғаға қатысты тергеу алды жұмыстарын бастап кетті.

«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 345- бабының 3- тармағы бойынша іс қозғалып, анықтау басқармасының қызметкерлері істі тергеуді қолға алды. Өндіріс аясында міндетті түрде тиісті сараптамалар тағайындалатын болады. Бірақ бейнекамералардағы жазуларды сараптай келе, дәл осы кезде, біз бұл жол апатына әкеп соқтырған факторларды анықтадық. Бұл қоғамдық көліктің тізгінінде отырған азаматтың жол жүру ережесін өрескел бұзу салдарынан осындай жол апаты орын алды», - деді ¤Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК

Қоғамдық көлік тізгіншісінің кінәсі дәлелденсе, ол ҚР ҚК 245 бабы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, бұл биылғы адам өліміне қатысты болған алғашқы жол көлік апаты.


Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы