Тұрғындардың талап-тілегі орындалды. 21 ақпанда Алматы қаласы әкімімен болған кездесу кезінде жүргіншілер Қазақфильм ықшамауданынан Алматы Арена аралығына қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығын айтып шағымданған еді. 3 апта ішінде олқылықтың орнын толтырған тасымалдаушылар бүгін №19 бағыттағы автобусты жолға шығарды. Жаңа бағыт Жароков, Розыбакиев, Рысқұлов сияқты магистральді көшелерді және Қазақфильм, Алғабас елді-мекендерін қамтиды. Жаңа көліктерді арнайы барып көрген қала әкімі Бауыржан Байбек тасымалдау сапасы жақсармайынша, жол жүру құны көтерілмейтінін тағы бір мәрте қадап айтты.
«Біз тасымалдау жүйесін дамыту үшін 15 млрд бөліп отырмыз. «Оңай» жүйесін заңдастырып, содан жиналған түсімді осы саланың өзіне жұмсаудамыз. Реформаның арқасында қазір қаламызда тасымалдау жүйесі 56 пайызға жақсарды. Бұл жұмыстарды тұрғындардың көңілі толатын деңгейге жеткенше жалғастыру керек», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Жаңа автобус күнінен 7 мың жолаушы тасымалдайды деп болжанып отыр. Интервалын 5-7 минуттан асырмас үшін бірден 20 автобус қолданысқа берілді.
«Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, жаңа №19 маршрутты ұйымдастырып отырмыз. Қазақфильм, Алмагүл ықшамаудандарын Алматы Арена мұз айдынымен байланыстыра отырып, тағы бір шешіп отырған мәселесі Жароков көшесінде трамвайларды алғалы бері көшенің басынан аяғына дейін жүретін қоғамдық көлік болмаған болатын. Осы маршрут Жароков көшесін басынан аяғына дейін сол Төле би көшесіне дейін жүріп өтетін болады», - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.
Өткен жылдан бері Алматыда 500 жаңа автобус қолданысқа берілді. Және 18 бағытта қатынайтын автобустар жаңартылды. Соның арқасында қоғамдық көлікпен жүретіндер саны 65 пайызға көбейген. Ал жүру жылдамдығы 3 есеге дейін артқан. Жыл соңына дейін қаладағы қоғамдық көліктің 80 пайызы жаңармақ. Сонымен қатар, осы жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтеру құралы бар 10 автобус жолға шығады. Осылайша, 2018 жылы Алматының автобус паркі тағы да 30%-ға жаңарады. Бұдан өзге қалада метро желісі және оның екі бекеті салынуда. Жыл аяғына дейін қазақстандық-неміс компаниясы үшінші кезеңдегі электроавтобустар шығаратын зауыттың құрылысын бастайды. Айта кетейік, жолаушы тасымалдайтын «Каскеленский автопарк», «Тегіс Транс» және «Әділет авто» жауапкершілігі шектеулі серіктестері әзірге тасымалдау реформасына қолдау білдіре қоймады. Яғни автобустарды жаңарту әлі жоспарларында жоқ.
Автор: Тоғжан Аман