Алматыда 12-ші инновациялық конгресс және жобалар көрмесі өтті. Халықаралық маңызы бар ірі шараға 500-ден астам сарапшы-инвесторлар, кеңесшілер мен кәсіпкерлер қатысуда. Олар конгресс аясында әлемдегі инновациялық және технологиялық дамудың маңызды тақырыптарын талқылайды. Ал басты назар «Технологиялық кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбына ауып отыр.
Бұл бастапқыда сырт көзге аквариум ретінде көрінгенімен, негізінде электронды ақша өндіретін майнингтік құрылғы. Ерекшелігі сол, судың ішінде тоқ күйіп кетпей, керісінше тынбай жұмыс істеп тұр. Бір топ ғалым осылайша Қазақстанда тұңғыш рет ұлттық блокчейн жүйесін құруды көздейді. Айта кетейік, блокчейн дегеніміз қауіпсіздік жүйесі. Яғни, сандық ақпаратты қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл электронды биткойн әмиянды хакерлік шабуылдан қорғайды. Алматыда тұңғыш рет өткізіліп жатқан 12-ші инновациялық конгрессте отандық компания майнинг құрылғыны көпшілікке таныстырды.
«Мысалы, сіз ақшаны басқа адамға аудару үшін банктегі шотты қолданасыз. Бұл жерде банк делдал болып тұр. Ал криптовалюта әлемінде банк деген түсінік жоқ. Ол кезде банктың орнына түрлі мысалы нода, майнер секілді құрылғылар банктың қызметін атқарады. Транзакцияны жүзеге асыратын осы құрылғы. Біз оны ары қарай дамытуды көздейміз. Өйткені, көп жағдайда майнингтік құрылғы шамадан тыс жылу бөледі. Осыны салқындату үшін ерекше әдіс ойлап таптық», - деді майнинигтік құрылғы шығаратын компанияның кеңесшісі Павел ДАЦЮК.
Конгресске қатысқан шетелдік сарапшылар Қазақстанға мұнай секторы, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық жобаларға көбірек қаржы құюға кеңес береді. Қаржыгерлердің пікірінше, аталған салалардың болашағы зор, табысы мол.
«Көптеген елдер инновациялық жобаларды іске асыруға қаржы таппай жатады. Бірақ Қазақстанның оны жасауға толық мүмкіндігі бар. Енді тек кәдеге жарайтын ғана жобаларға қолдау жасау керек. Сонда ғана ол жақсы жемісін береді деп айта аламын», - деді «Cambridge Innovation Consulting» компаниясының кеңесшісі Дишант МАХЕНДРУ.
Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің гранттық бағдарламасы 2011 мен 2016 жылдар аралығында 328 жобаны жүзеге асырған. Оның қатарында фармацевтика, биотехнология және өзге де сала бар. Жалпы жұмсалған қаржы 12 млрд теңгеден асып жығылады. Былтыр 66 жоба іске асып, 2 млрд-қа жуық ақша бөлініпті. Осыған орай, 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Тек биыл ұлттық агенттік инновациялық грант алу ережесін қиындатқан. Басқарма төрағасының айтуынша, жобаны қаржыландыру енді 80 де 20 пайыз емес, 50 де 50 пайыз ретінде жүргізіледі. Бірақ соған қарамастан, тамыз мен қазан айлары аралығында кәсіпкерлерден 200-дей сұраным түскен. Жоба өзін 3 жыл ішінде ақтауы тиіс.
«Енгізілген өзгертулер сапасыз жобаларды жою үшін жасалды. Өйткені, өзін-өзі ақтамайтындары көп. Біз сұраным тастаушылар өз қаржыларын қатерге тіксе, жоба нәтижелі болады деп ойлаймыз. Жобаның тең жартысын төлеген кәсіпкерлердің жұмысында жақсы динамика байқалады. Сапасы көтеріліп келеді. Жоба құрастырушысы 80 пайыз грант алса, жеке басы үшін қатер сезілмейді. Осыдан жауапкершілік төмендейді. Бюджеттің қаржысын үнемді жұмсау керек», - деді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма басшысы Марат ОМАРОВ.
Конгресстің соңғы нүктесі Астанада қойылмақ. Ол кезде шараның қорытындысы шығарылып, атқарылған іске есеп беріледі.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы