«Астана Балет» театры Алматыға гастрольдік сапармен келді

05.05.2018 в 03:55

Елордалық «Астана Балет» театры Алматыға 3 күнге гастрольдік сапармен келді. Шығармашылық ұжым Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында туындыларын тарту етеді. Театр группасы еліміздің хореография өнерінің заманауи және ұлттық үлгілерін көрсетпек. Өнерпаздар неоклассика шедеврі Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен отандық балетмейстер Мукарам Авахридің «Жусан» спектаклін ұсынады. Дәл қазір Абай атындағы балет және опера театрынан тікелей эфирге әріптесім Жадыра Омаржан қосылуға дайын тұр. Қайырлы кеш! Жадыра, қос қойылымның ерекшелігі қандай?

Қайырлы кеш, Тоғжан! Иә, осыдан шамамен 30 минут бұрын басталған «Астана Балет» театрының өнері көпті тәнті етті. Өйткені, шығармашылық ұжым әлемдік балет жауһарларын көрсетпек. Жоғарыда айтып өткен, қос қойылым да мінсіз стиль мен ғажайып хореографиясымен ерекшеленеді. Мәселен, «Серенада»  спектаклі «Астана Балет» театрының сахнасында алғаш рет Джордж Баланчин қорының қолдауымен қойылып, хореографтың мәнері мен техникасының стандарттарына сай жасалды. Баланчин қойылымында қарапайым костюмдер, жеңіл декорациялар қолданыдалады. Ең бастысы - музыка мен бидің үндестігі. «Астана Балет» театрының әртістері өздері үшін де тың хореографияда әсем де асқақ биді, пластикалық суреттің нақтылығын паш етіп, неоклассика шедевріне жан бітірді.

«Спектакльдің ерекшелігі - бұл жерде қыздарда, ұлдарда қосылып  өнер көрсетеміз және әр кезде, әр жылдары болған жағдайлардың үзінділерін көруге болады. Сол жағынан ерекше. Әрі костюм жағынан да кішкене заманауи қылып қойылған. Кішкене қазақ би өнерімен қазіргі заманауи балетты қосып алып шығамыз», - деді «Астана Балет» театрының жетекші солисі Риза ҚАНАТҚЫЗЫ.

Заманауи балетмейстер Мукарам Авахридің «Жусан» атты бір актілі балеті хореография тілімен өрнектелген халқымыз бен даламыздың тарихы. Терең мазмұнға толы, ерекше спектакльде Қуат Шілдебаевтың, Сергей Рахманиновтың, Карл Дженкинстің музыкасы шырқалады. Қуат Шілдебаевтың әуендері спектакльдің негізгі қазығына айналған. Балет дала тынысы мен туған үйдің жылылығына, қасірет азабы мен қайта даму қуанышына, әсем сұлулық пен Отанға деген махаббат сезіміне толы. Ал 5 мамыр күні «Астана Балет» театры көрермен назарына экстремальді техника, тынымсыз қимыл мен қарқынды музыка ырғағына құралған Уильям Форсайттың «In the Middle, Somewhat Elevated» атты спектаклі ұсынады. Уильям Форсайт балеті - декорациясыз, аскеттік костюмдер, ырғақты музыка, ерекше балет техникасы мен адам тәнінің мүмкіндігінің шегінде орындалған тынымсыз қимыл ағынын сипаттайды.

«Біз биылғы гастрольдік сапарымызды толықтай Астананың 20 жылдығына арнаймыз. Сондықтан біз ең таңдаулы деген спектаклдерді алдық. Алматыдан соң Талдықорғанға, Ақтауға  барамыз. Құрамымызда 60 әртіс бар. Араларында шетелдік тәжірибелі әртістерде өнер көрсетеді», - деді «Астана Балет» театрының директоры  Валерий  КҮЗЕМБАЕВ.

Репертуарының алуан-түрлілігі, орындаушылық деңгейі мен спектакльдердің сахналық безендірілуі арқасында «Астана Балет» театрының шығармашылығы елімізде ғана емес, дүниежүзінде де ерекше қошеметке ие. Еске сала кетейік, «Астана Балет» театры 2012 жылы мемлекет басшысының бастамасымен құрылды. Ұжым классикалық дәстүр мен халық және заманауи хореографияның тенденцияларын біріктіріп, ешкімге ұқсамайтын тың бейне мен стиль жасақтайды. Батыл эксперименттер жасап, жаңа бейнелер іздеп, спектакльдердің қойылымы мен стилистикасын сан-түрлі етеді; көрермендерін жаңа спектакльдерімен және концерттерімен қуанышқа бөлеп келеді.


Теги: гастроли