|
10.03.2017 | 11:35
4461

Алматыда «Феникс» фильміне қатысты басты сот процесі басталды

Алматыда «Феникс» фильміне қатысты басты сот процесі басталды

Алматыда «Феникс» фильміне бөлінген қаражатты жымқыру ісі бойынша басты сот процесі басталды. Басты күдіктілер 9 адам. Оның ішінде халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов та бар.

«Феникс» фильміне қатысты даулы іс Медеу аудандық қылмыстық істер сотында өтіп жатыр. Жемқорлық әрекетке қатысы бар деген күдікке 9 адам іліккен. Осы іске байланысты Тұңғышбай Жаманқұлов өткен жылдың қарашасында қаржы жымқырды деген күдікпен қамауға алынған. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол «Феникс» атты фильмге бөлінген 69 миллион теңгені талан-таражға салған. Кінәсін мойындаған соң, кепіл ақша төлеп босатылған еді.

«Тұңғышбай Жаманқұловтың актерлық шеберлігі мен мәдениет саласындағы беделін ескере отырып, режиссер Жаныбеков оған қолқа салған. Нақтысы - мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуін сұрапты. Ізінше, Жаманқұлов сценариймен танысып, қаржы бөлінген жағдайда ақша жымқыруды ойлапты. Ақырында, актердың арам пиғылы жүзеге асқан», - деді мемлекеттік айыптаушы Дәурен БҰЛҒЫМБАЕВ.

Мемлекеттік айыптаушы атап өткен Талғат Жаныбеков екі айдан бері қамауда. 27 ақпанда өткен алдын-ала тыңдалымда режиссер мен топ-менеджердің адвокаттары Ысқақованың денсаулығы мен Жәнібековтің отбасылық жағдайын алға тартып, оларды кепілақымен босатуды сұраған. Алайда, сот қорғаушылардың бұл өтінішін қанағаттандырмады.

«Біз бұл шешімге көңіліміз толмады. Қорғалушыма жасалған қатыгездік деп санаймын. Оның кінәсі дәлелденген жоқ. Кінә дәлелденсе де, оны мойындамағаны үшін кепілақыға жібермеу деген кодексте жоқ. Яғни, Ысқақова мен Жаныбеков қамауда кінәсін мойындамағаны үшін отыр. Ал өзін айыпты екенін мойындағандар сот залында, өз қорғаушыларымен отыр», - деді  Г.Ысқақованың адвокаты Рена КЕРИМОВА.

Талғат жаныбеков Қылмыстық кодекстің 189-бабы, яғни Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан таражға салу дерегі бойынша айыпты деп танылған. Ал өзге күдіктілерден Қылмыстық кодекстің 28 бабы 5 тармағы, яғни бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бойынша жауап алынады.

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир