Күдіктілер Роман Ситакты не үшін бөлшектеп өлтіріп тастап кеткен?

27.12.2016 16:29

Алматыда осы күзде айуандықпен өлтіріліп, бөлшектенген денесі қоқыс жәшігінен табылған Роман Ситактың ісіне қатысты сот процесі басталды. Күдіктілердің қолын қанға бұлғап, тірі адамды бөлшектеп тастауға не себеп болған? Соттың алғашқы тыңдалымына барған тілшіміз Айдана Мейрамбайқызы тарқатады.


Осы күзде естіген елдің жағасын ұстатып, жантүршігерлік қылмыс жасаған, яғни Роман Ситакты өлтіріп, артынша денесін бөлшектеп қоқыс жәшігіне тастап кеткен қос күдікті бұлар. Екеуі де 24-тен енді асқан жас жігіттер. Бұрын сотты болмаған. Бірі орта білімді болса, ендігісі қаладағы жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған екен. Сот  процесі басталған бойда екеуі де тілшілерге бет-жүздерін жарияламауды сұрады. Жәбірленуші тарап қарсылық танытқанмен, сот олардың өтінішін қанағаттандырмай күдіктілердің бет-жүзін жарияламауды ескертті. 


Қос күдікті де Романды өлтіріп, мәйітін бөлшектерде мас болмаған екен. Есірткілік заттарды да тұтынбапты. Алайда, қолдарын қанға бұлғауына арадағы қарыз сеп болған екен. Жантүршігерлік оқиға болған күні Роман Ситак күдіктінің бірі, Азамат Қабденовтің тауарларын сатып беріп, одан өзіне тиесілі 80 мың теңге көлеміндегі ақшасын ұстап қалып, қалған бөлігін кейін беремін деп айтқан. Алайда, бұған келіспеген Қабденов арадағы дауды жұдырықпен шешуді жөн көріпті. Күдіктінің сөзінше, ұзақ кикілжіңнен соң ол жалғыз өзі Романға 3 рет пышақ сермеген екен. Осыдан соң Роман тіл тартпай кетіпті.


«Ситактың өлгеніне  көз жеткізген Қабденов пен Абельдинов оның мәйітін жуынатын бөлмеге апарып, бөлшектеп тастаған. Өздерінің қылмысын жасыру үшін, бөлмені жуып-шайып, мәйіттен құтылмақшы болды. Ситактың бөлшектенген денесінің бір бөлігін қапқа салып, №43 үйдің қасындағы қоқыс жәшігіне тастап қашып кеткен. Өздерімен бірге Романның жеке заттарын, яғни құжаттарын, ақшасы мен алтын алқасы мен сақинасын алып кеткен»,- деді Алматы қаласы Алмалы аудандық прокуратурасының аға прокуроры, Дәурен САҒЫНДЫҚОВ.


Аса ауыр қылмыс жасағанын қос күдікті де жартылай ғана мойындады. Олардың сөзінше Романды пышақтап өлтірген тек біреуі болса, ендігісі мәйітті бөлшектеген екен. Сондай-ақ, күдіктілер Романға 3-ақ рет пышақ сермелді дегенді алға тартты. Десе де, сот медициналық сараптамасы Роман Ситактың денесіне 10 жерден пышақ сұғылғанын, әрі мәйіттің 10 бөлікке бөлінгенін көрсеткен.


Мәйітті бөлшектеу туралы ой маған келді. Азамат сыртқа шығып кеткенде, мен мәйіттен құтылудың оңай жолы осы деп ойладым. Ол кезде не істеп, не қойғанымды білмедім. Пәтердегі қарбыз кесіп жеген пышағымызбен, бөлшектедім»,- Күдікті, Таир АБЕЛЬДИНОВ.


Қос күдіктіге Қылмыстық Кодекстің 3 бабы бойынша айып тағылып отыр. 99 баптың екінші тармағы бойынша адам өлтірді, 188 баптың екінші тармағы біреудің мүлкін жымқыру және 384 баптың 3 тармағы біреудің құжаттарын қасақана ұрлап, жоқ қылды деп кіналануда.


Марқұмның туыстары қос күдікті Романды қасақана өлтірді дейді, сондықтан оларға ең ауыр жаза, яғни өмір бақи бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Десе де, соттың үкімі қашан шығары әзірге белгісіз. Тек, 1 куәгерден жауап алынған болса, алда тағы 14-ін шақырып тыңдау жоспарланып отыр. Ал, соттың келесі отырысы ертең сағат 16:30-да болады.


Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы