Алматының таулы аймақтарына енді арнайы автобустар қатынайтын болады. Қоғамдық көліктер қала орталығына жетуі қиын жолаушыларды тасымақ. Әзірге су жаңа 45 автобус сатып алынған. Ол үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініпті. Қоғамдық көліктер келер айда қолданысқа беріледі.
Қазір Наурызбай ауданындағы автобустар 16 бағытта жолаушылар тасымалдайды. Бірақ ол жеткіліксіз. Әсіресе, тау бөктерінде тұратындар қала орталығына жете алмай қиналады. Өйткені, әлгі көліктер шатқалдың тар жолына сыймай, жолаушыларды етектен түсіріп кететін көрінеді. Осының кесірінен, ауданның қарты мен жасы бар қысы-жазы төбеге жаяу көтеріледі.
Таулы жерлердегі елді мекендерге көліктің жетуін қамтамасыз ету үшін қала билігі арнайы 45 автобус сатып алды. Бұған жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінген. Шағын автобустар Медеу, Бостандық және Наурызбай ауданының тауға жақын аймақтарына қатынайды. Таулы жерде жұмысқа бейімделген бұл қоғамдық көліктер Семейде құрастырылған. Жолаушылардың жаңа көлігінің сапасын қала әкімі тексеріп шықты.
«Автобустардың уақтылы жүруін қадағалау қажет және олардың жүру кестесін тұрғындармен ақылдасып бекіту керек. Жолаушылар көп қатынайтын мерзімге автобусты да тиісінше көптеп жіберу керек. Тұрғындарға ыңғайлы болуы шарт»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Таулы жерде жүретін автобустар 12 бағыт бойынша келер айдан бастап жолаушы тасымалдауға кіріседі. Сыйымдылығы 18 орынды. Жауаптылар, көліктердің сапасы мінсіз, ең бастысы - жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді дейді.
«Автобустардың ерекшелігін айтатын болсақ, біріншіден ол бұрынғы дачаға салынған тар көшелер. Сондықтан, ол жерге үлкен автобустар кіре алмайды, бұрыла алмайды. Сонан кейін ол автобустардың табаны биік болу керек, аласа табан ол жерде жүре алмайды. Үшіншіден, олардың тормоздары сондай бір барабан деген тормоз болады таулы аймақтарға арналған тормоз»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.
Алматының қоғамдық көлігін жаңарту мақсатында бюджеттен қосымша 11,5 млрд теңге бөлінді. Қала билігі бұл қаржыға биыл жазда 300 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы