Алматыда жоғалып кеткен 4 жасар баланың мәйіті табылды

23.05.2018 15:01

Алматыда жоғалып кеткен 4 жасар баланың мәйіті ақыры кәріз құдығынан табылды. Бүлдіршіннің өлі денесін полицейлер түс ауа көрші үйдің ауласындағы кір су жиналған шұңқырдан шығарған. Қараусыз қалған бала құдыққа өздігімен түсіп кету мүмкін деген болжам бар. Көшеге жақын жерде қазылған тереңдігі екі метрлік шұңқырдың беті де дұрыс жабылмаған екен. Тек шіріп тұрған жұқа тақтаймен қалқаланған. Бұл сұмдықтан соң, үй иесі дереу құдықтың бетіне қалың ағаш қойып, үстін таспен бастырған.

«Екі сағат бұрын осы жерден участковый тауып алды. Мен мына жерде жұмыс істеп жатқанмын. Баланы шығарып алды осы жерден, әппақ болып ісіп кеткен. Енді оңай емес қой 1 апта жатқан судың ішінде. Беті негізі жабық тұрған ғой бұның. Бетіндегі ағашы әлсіз болған. Сол сырғып кетті ме, тайып кетті ме бала, енді жазым ғой», - деді көршісі Сырым ШӘУЕНОВ.

«Неше өтіп көрмедік, қаншама қарадық. Фонарикпен де жүрдік, ары-бері жүрдік, көрмедік. Мына септикті байқамадық», - деді А.Көмековтың туысы Ербол КӨМЕКОВ.

Естеріңізге салсақ, Арсен Көмеков 17 мамырда «Шаңырақ» ықшамауданынан жоғалып кеткен болатын. Түс кезінде қақпа алдына ойнауға шығып, із-түссіз кеткен баланы ешкім байқамаған. Оны табу үшін жергілікті полицейлердің барлығы дала кезіп, іздестіру жұмысын жүргізген еді. 26 мыңнан астам үйге бас-сұғып, тіпті, кей тұрғындардың кәріз құбырын сорғызған. Бірер күн бұрын бүлдіршіннің денесі табылған шұңқырды да бақылап көріпті. Бірақ көзге ештеңе түспеген. Бүлдіршіннің мәйіті құдық бетіне қалқып шығыпты. Қазір баланың өлімі нақты неден болғанын анықтау үшін сот медициналық сараптама тағайындалды. Өзге мәліметтер тергеу барысында белгілі болады.

«Бұл құдықтың иелері міндетті түрде жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік деп әзірше айта алмаймыз. Сот алды тергеу амалдары көрсете жатар. Қайткенде де бірінші кезекте бұл істі заңды түрде саралау сот-медициналық сараптаманың нәтижесінде жүзеге асырылатын болады», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.