Алматыда Елбасының мақаласын талдауға арналған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті

Алматыда Елбасының мақаласын талдауға арналған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талдауға арналған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Маңызы мол құжатты жік-жігімен талқылауға елдің қабырғалы қаламгерлері, жазушылар мен қоғам қайраткерлері жиналды. Мақаладағы 6 жобаның бірі- «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы еліміздің мәдени игілігін әлемдік ауқымда насихаттап, ілгерілетуге мүмкіндік бермек. Бұл бағытта ұлттық комиссия құрылып, арнайы жұмыс топтары өз қызметін бастап кетті. Басты мақсат - әлемге насихатталатын ең үздік шығармалар тізімін даярлап шығару.

«Заманауи мәдениеттің үздік үлгілерінің тізбесін» түпкілікті жасап, іріктеп шығатын -  осы жұмыс тобы. Туындыларды іріктеу бірнеше критерийлер бойынша жүзеге аспақ. Жұмыс тобының мүшелері кездесуде шығармаларды іріктеу қағидаттарымен жіті танысып, өз ұсыныстарын алға тартты.

«Мына мақала - үлкен бағдарлама. Ол бір ай емес, екі ай емес, жылдарға арналған бағдарлама. Сондықтан біздің рухани, мәдени өміріміздің жаңғыруына үлкен септігін тигізеді деген сенімдеміз. Бұл идеологиялық платформа болғаннан кейін, барлық қоғам өкілдерінің атсалысып, қоян-қолтық жұмыс істеп, біздің арнайы топ соның алдыңғы қатарында болуы керек деп ойлаймын», - деді ҚР Президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, жұмыс тобының жетекшісі Аида БАЛАЕВА.

Осы топтың аясында сарапшылар тобы құрылмақ. Олар шорт-лист арқылы өнердің 4 бағыты бойынша ең үздік туындыларды жинайды. Соның нәтижесінде бұл шығармалар осы жылдың екінші жартысында бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып, кейін мемлекеттік комиссияға жіберілетін болады.

«Көркем шығармаларды, мәдени, үлкен дүниелерімізді әлемге қалай насихаттау керек, қалай жариялау керек, оны таңдаудың, іріктеудің тәртібі, оған қанат бітірудің жолдары. Міне, сол туралы болды. Жұмысшы тобы өзінің ұстанымдарын ортаға салды. Әр түрлі саладағы өнер мен әдебиеттің тұлғалары өз пікірлдерін айтты», - деді Қазақстан жазушылар одағаның төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИН.

«Талғам, іріктеп, сұрыптап алған кездегі қандай көркемдік деңгейлермен қарастыру керек, осы мәселелер шындығында, біздің ұлттық шығармалардың, елдік шығармаларымыздың сыртқа өзінің көркемдік деңгейінде ұсынылуы үшін ең бір маңызды мәселе болып табылады», - деді «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.

Жиын барысында әр түрлі саладағы өнер мен әдебиеттің тұлғалары өз ұсыныстарын ортаға салды. Бірі - ұлттық классикалық музыкамызды жаңғыртып, алға ілгерілету қажет десе, екіншілері - көркем шығармаларды аудару кезінде кемшіл тұстарымыздың байқалып қалатынын айтып,  аудармашылар бюросын құруды ұсынды. Осылайша, арнайы комиссиямен іріктеліп алынатын шығармалар шетелдік аудиторияға бағытталмақ.

«Елбасының қойған тапсырмасы, келесі жылдан бастап БҰҰ алты тілінде, қазақтың әдебиеті, өнер саласы, кино бойынша үздік туындыларды халықаралық деңгейге шығару - бұл қазақ мәдениетін халықаралық дәрежеге сәйкестендірудің ең оңтайлы жолы деп білеміз», - деді саясаттанушы Ерлан САИРОВ.

Жұмыс тобын екі ведомство үйлестіріп отырады. Ол Сыртқы істер министрлігі мен елдің Мәдениет министрлігі. Ең үздік деп танылған туындылар ұлттық комиссиямен бекітіледі. Үздік шығармалардың тізіміне енген туындылардың басып шығарылуы және оны әлем мемлекеттеріне таныстыру ісі елдің Сыртқы істер министрлігіне жүктеледі. Демек бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.

Сая Меңдеке, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров