Алматыда қылмыс қай ауданда жиі тіркеледі? Қаланың қауіпсіз аумақтарын қалай білуге болады? Осыған байланысты еліміздің бас прокуратурасы қылмыстық құқық бұзушылық картасын әзірледі. Кез келген азамат ғаламтор арқылы статистика түрінде қылмыс жайында деректермен танысуға, сондай-ақ айрықша криминогендік аймақтарды көре алады. Аталған жүйе әсіресе 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары кезінде кеңінен пайдаланылмақ.
Қылмыстық құқық бұзушылық картасында жалпы Қазақстанның 203 қаласы қамтылған. Республика көлемінде Алматыда қызыл белгілерді жиі кездестіруге болады. Қылмыс саны бойынша Медеу ауданы көш бастап тұр. Өзгенің мүлкіне қол сұғушылар әсіресе көлік ұрлауға әуес. Биыл тіпті бұл көрсеткіш 58 пайызға артқан. Сондай-ақ бұл тізімде Бостандық және Алатау ауданы да бар.
«Алатау ауданында жеке тұрғын үйлер көп болғандықтан, профилактикалық шаралар аз өткізіледі. Одан басқа да туындайтын қиындықтар бар. Оның ішінде тірек пункті тұрғысында қиындықтар және жеке құрамның жеткіліксіздігі сынды мәселелер бар. Жаңадан құрылған қылмыстық құқық бұзушылық картасының бізге берер пайдасы көп», - деді Алматы қаласы ІІД басшысының орынбасары Ізбасар БЕКТҰРОВ.
Жаңа баспана аламын деушілер үйді картаға қарап, қауіпсіз криминогендік аумақтан сатып алуына болады. Универсиада ойындары қарсаңында елімізге келетін шетелдік қонақтарға да тигізер пайдасы бар. Туристер картаға сай, қауіпсіз қатынауға болатын бағыт құрып және қонақ үй таңдай алады. Қалалық Ішкі істер департаменті қауіптенуге еш негіз жоқ дейді. Себебі құзырлы орган өкілдері картадағы криминогендік аумақтарда қауіпсіздік шараларды күшейткен.
«Картаның артықшылығы Ішкі істер министрлігінде тіркелген қылмыс, картада 3-4 минут ішінде орналастырылады. Біз оны өзге елдердің тәжірибесіне сүйене отырып әзірледік. Алайда бізде барлығы жедел орындалады», - деді ҚР Бас прокуратурасы комитеті бөлімінің басшысы Рүстам ӘБДІРАХМАНОВ.
Алдағы уақытта бұл картада еліміздің ауылдары да бейнеленбек. Қысқы Универсиада ойындары қарсаңында оған 180 өзгертулер енгізілген. Оның қауіпсіздігін 7 мыңға жуық маман қамтамасыз етпек. Сайысқа 57 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысады. Универсиадада қатысушылар 8 ғимаратта 12 спорт түрінен бақ сынайды. Барлығы 543 медаль сарапқа салынатын болады. Шараға 30 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп күтіліп отыр.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы