Алматыда «Астана - ардағым» премиясының марапаттауы өтті

Алматыда «Астана - ардағым» премиясының марапаттауы өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Астана - ардағым» премиясының марапаттауы өтті. Елорданың қалыптасуына үлес қосқан жиырма адамға мерейтойлық төсбелгі мен бір миллион теңгеден табысталды. Мұндай үлкен құрметке елбасының астананы көшіру туралы шешіміне барынша қолдау көрсеткен әр түрлі саланың мамандары ие болды. Үміткерлерді халық онлайн дауыс беру арқылы таңдаған. 

¤«Астана-Ардағым» премиясы жеңімпаздарының есімі 10-шы желтоқсанда белгілі болды. Бұл бекер емес. Себебі, осыдан тура 20 жыл бұрын,

дәл осы күні елдің астанасын Алматыдан бас қалаға ауыстыру туралы тарихи шешім қабылданды. Осыған орай, Республика сарайында еліміздің жүрегі елорданың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан түрлі сала мамандары 20 аталым бойынша марапатталды. Алматы әкімі Бауыржан Байбек еліміз үшін күрделі шешімнің 90-шы жылдары туындағанын, осынау теңдесі жоқ ойдың шындыққа айналатынына көпшіліктің сене қоймағанын еске салды. 

«Ел орталығын ресми түрде Астанаға көшіруі батыл әрі асқан көрегенділікпен қабылданған шешім болғанын дәлелдеді. Осынау ел тағдырындағы теңдессіз шешім ақбас Алатаудың баурайында Алматыда қабылданып, шаһарымыздың басты қаржы-экономикалық, мәдени, білім мен ғылым, спорт және туристік орталық ретінде жеке дара дамуына жол ашты. Бұл жөнінде елбасы осы қалада Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы заң қабылданды. Нақ осы жерде жаңа елорда Астана туралы тарихи қаулы қабылданды деп біздің сүйікті шаһарымызға жоғары баға берген болатын»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыда Тәуелсіздіктің жарияланғанын, Конституцияның қабылданғанын, ұлттық валютаның енгізілгенін, мемлекеттік рәміздердің бекітілгенін айтты. Алматы одан өзге Республиканың қаржы және экономикалық орталығы әрі қазынаға түсетін салық түсімдерінің 3-тен бірін береді. Дегенмен, елбасының қос қалаға деген ықыласы мен қолдауы қашанда ерекше. 

«Елбасының бастамасын қолдап, Астананың бүгінге дейін өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтар оның ішінде Алматылықтар да бар. Біз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын бастай отырып, осы жылдар ішінде елордамыздың гүлденуіне ерекше үлес қосқан алматылықтарды «Астана-Ардағым» сыйлығымен марапаттайтын боламыз. Шешуші тұста іркіліп қалмай ұранға ұран қосқан, ел ертеңіне деп епті еңбек еткен жандардың жігеріне жігер қосу. 

«Астана - Ардағым» сыйлығы 20 аталым бойынша табысталды. Оның қатарында білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика және әдебиет салалары бар. Іріктеу astana.ardaq.kz сайтында ашық дауыс беру арқылы анықталды. Құрметке ие болғандар арасында мемлекеттік және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай, Астана қаласындағы Абай ескерткішінің авторы Болат Досжанов, суретші Амандос Ақанаев сынды ел мақтаныштары бар. 

«Осы 20 жылдың ішінде Астанада бірталай көрме, одан кейін музей қазіргі мұражайлар соның ішінде 30-дан асқан менің жұмысым бар. Астанаға арналған. Қазақстанға арналған жұмысым бар. Ол біздің қуанышымыз. Ол бүкіл мына Қазақстанның қуанышы. Жалғыз Қазақстанның қаласы емес. Ол әлем ретінде үлкен қала болып тұр»,-деді ҚР көркемөнер академиясының мүшесі, суретші, Амандос АҚАНАЕВ.

Еске сала кетейік, келер жыл - еліміздің астанасы үшін мерейлі жыл болмақ. Алматыда Астананың 20 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар ауқымды мәдени шаралар-концерттер, фестивальдер мен көрмелер өткізу жоспарланып отыр.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров