Алматыда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 306 кәсіпкер қаржылай қолдау тапқан. Бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,2 есе көп. Өткен жылы несие портфелі 78,8 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ, алып шаһар осы бағдарлама шеңберінде мақұлданған жоба саны бойынша республикада көш бастап тұр.
Алматы үйлестіру кеңесінің бұл осы жылы алғаш бас қосуы. Бүгінгі жиында 7 алматылық кәсіпорын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қосылды.Олардың арасында дәрі-дәрмек препараттарын өндіретін, сауда-көліктік қызмет көрсететін кәсіпорындар бар. Өткен жылы осы бағдарлама аясында 300-ден аса кәсіпкер қаржылай қолдау тапқан. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде мақұлданған жоба саны бойынша 2014 жылы Алматы 9 орынды иеленген болса, 2015 жылы 3 орынға тұрақтаған. Ал өткен жылы алып шаһар республика бойынша көш бастады. 2016 жылы несие портфелі 78,8 миллиард теңгені құраған. Субсидиялау көлемі 15,3 милиард теңгені құрап, 2,5 есе өскен»,- деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы, Алмас МӘДИЕВ.
Кәсіпкерлердің бизнеске деген құлшынысын жастайынан жетілдіру тиіс. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов қаладағы барлық жоғары оқу орнында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құруды тапсырды.
«Алматыдағы барлық жоғары оқу орнында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы негізінде орталық құру керек. Ол жерде студенттерге кәсіпкерлік туралы толыққанды ақпарат беру керек. Мұндай тәжірибе өзге мемлекеттерде бұрыннан бар. Алматыда орташа есеппен 30-40 мың түлектің әрбір отызыншысы өз бизнесін ашатын болса, қалада кәсіпкерлер саны 1000-ға артады»,- деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Ерлан ӘУКЕНОВ.
Алматыда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгінгендер қатары 30 пайызға артқан. Өз бизнесін мемлекеттік қолдау арқылы жетілдіремін деушілер орталыққа көптеп келуде. Сондықтан мамандар биыл тағы бір орталық ашуды жоспарлап отыр.
«Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, Даму қоры кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл орталық осы жылдың екінші жартыжылдығында ашылады деген ойдамын»,- деді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының Алматы қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры, Алмат НҰРАХМЕТОВ.
Алматыда мемлекеттік «Бизнестің жол картасы» бағдарламасынан бөлек, жергілікті Жібек жолы бағдарламасы іске қосылған. Оның аясында 2015 жылдан бері 77 жоба қолдауға ие болған. Сондай-ақ алып шаһарда осы жылдан бері Алматы инновация, өнім және туризм бағдарламалары жүзеге асырылмақ.
Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы