Алматыда «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесі жұмысын бастады

20.04.2017 14:41

Алматыда 17-ші рет өткізіліп жатқан «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесі жұмысын бастады. Бұл - Қазақстан мен Орта Азиядағы ірі форум. Көрменің ашылуына қала әкімі Бауыржан Байбек, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Қытай Халық Республикасының туризм істері жөніндегі басшының орынбасары Ду Цзян қатысты. Одан бөлек, жылдың басты туристік шарасына әлемнің 31 елінен 500-ге жуық түрлі компанияның өкілдері арнайы келген.

"Атакенттің" 6 мың шаршы метрлік аумағына әлемнің туризм жөніндегі ұлттық және өңірлік басқармалар, отандық және шетелдік туроператорлар, курортты отельдер мен нысандар және авиакомпаниялар келген. 31 елдің атап айтқанда, Әзірбайжан, Болгария, Греция, Грузия мен Индияның және тағы басқа да елдердің өкілдері бар. Осымен биылғы туристік кезең ашық деп жарияланды. 3 күнге жалғасатын көрмеге 4 мыңнан аса адам келеді деп жоспарлануда. Ал Алматы әкімі Бауыржан Байбек құттықтау сөзінде мегаполисте қызмет көрсету сервисі мен туристік инфрақұрылымның тұрақты дамып келе жатқанын баса айтты. Оған қоса, Қазақстанға ат басын бұрған әрбір екінші турист Алматыға аялдайды.

«Құрметті достар! Алматы қаласына қош келдіңіздер! Шынында да мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласы қонақжайлы, жалпы қала тұрғындары үшін жайлы қала. Керемет мүмкіндіктері бар. Сондықтан, 17-ші рет өтіп жатқан KITF көрмесі оның Алматыда өтуі біз үшін өте маңызды. Менің білуімше жалпы Орта Азияда Қазақстанда ең үлкен осындай көрме. Сондықтан, жалпы осы жылы 500-ден астам қатысушылар институтционалды 30 мемлекеттен біздің қалаға келіп отыр»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Бұдан өзге, көрмеде Алматы агломерациясының туристік  потенциалының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, биылғы жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып жарияланған. Ал көрмеде оның салтанатты түрде лентасы қиылды. Енді аспан асты елінің бір топ туристерінің елімізге келуі біршама жеңілдейді. Бұл келісім-шартқа екі ел 2013-ші жылдың қыркүйек айында қол қойыпты.  

«Біз салтанатты түрде 2017-ші жылды Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы ашық деп жариялаймыз. Мұндай келісімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин келген. Бұл екі ел арасындағы өткізіліп отырған туризм саласындағы ауқымды шаралардың басы. Ал Қазақстандағы Қытай жылы да ішкі және сыртқы туризмнің дамуына септігін тигізеді»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі, Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Медициналық туризм -  аталған көрменің басты тақырыбы. Енді туристерді жайлы қонақ мен әсем табиғаттан бөлек, мединицина саласы да қызықтырып отыр. Көрмеде медицина бойынша 11 елден 90 компания қарым-қабілеттерін көрсетті. Мұндай тәжірибені Қазақстандық туристік агенттіктерде үйренуге ниетті. Олар көрмеге тәжірибиге алмасуға келді.

«Бұл шара біз үшін үлкен тәжірибе. Шетелдік әріптестерімізді көргенімізге қуаныштымыз. Мұндай шаралар отандық туризмді дамытуға септігін тигізеді. Ал ең бастысы біз халықтың сапарының қауіпсіз болуына баса мән беріп жүрміз»,- деді Туристік компанияның директоры, Әсел ЖҰМАНТАЕВА.

Жыл сайын өтетін «Туризм және саяхат» көрмесі Алматының туристік орталық екенін тағы бір дәлелдеді. Әсем шаһар Қазақстанның туристі әлеуеті жоғары ел ретіндегі имиджын арттыруға оң ықпал етуде.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы