Жаңа оқу жылына дайындық. Алматыда мектепке қажетті форма, спорттық костюм мен аяқ киімдерді арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеде төмендетілген бағамен сатып алуға болады. Мұнда отандық тауар өндірушілері өз өнімін ұсынуда. Жәрмеңкедегі тауарлардың бағасымен әріптесім Перизат Көмекбайқызы танысып қайтты.
Динара Камзина баласын мектепке қазірден бастап дайындап жатыр. Осы уақытқа дейін талай сауда орнын, базарды аралап үлгерген. Өзге орындармен салыстарғанда, қалалық әкімдік бастауымен өткізіліп жатқан жәрмеңкенің артықшылығы көп дейді келіншек.
«Ашылған жері жақсы екен. Базарлардан алғанша, бағалары да тиімді. Киімдер сапалы. Енді осы жерден алуға келеміз киімдерді»,- деді Қала тұрғыны, Динара КАМЗИНА.
Жәрмеңкедегі жейде, мектеп формасы, спорттық костюм және аяқ киімдер қаладағы ірі компаниялардың өнімдері. Таза былғарыдан жасалған туфлиді де сатып алуға болады. Олар италиялық технологиямен әзірленген.
«Ұл мен қыздарға арналған костюм және шалбар бағасы 14 мың теңгеден басталады. Ал таза былғарыдан тігілген туфлидің құны 10 мың теңге»,- деді Саудагер-кеңесші, Алтынқыз ХАМИДУЛИНА.
Әзірге мұнда 6 өндіруші тауарларын ұсынған. Алдағы уақытта олардың қатары толығатын болады. Қазір келіссөз жүргізілуде. Оларға сату алаңы тегін түрде берілді. Сондықтан, тауарды үстеміз алуға мүмкіндік бар.
«Қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Жәрмеңкенің басталғаны туралы ақпараттандыру жұмысын қарқынды жүргізудеміз. Ол аяқталғанша келетін адамдар қарасы қалың болады деп ойлаймын»,- деді Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы, Дархан САҒЫНБЕКОВ.
Жәрмеңке қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде ашылған. Ол күнде таңғы сағат 10-нан бастап, кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді. 10 қыркүйекке дейін қызмет көрсетеді.
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы