Алматыда "Көңіл-күй палитрасы" атты көрмесі ашылды

06.03.2017 16:22

«Көңіл-күй палитрасы». Алматыда әуесқой суретшілердің көрмесі ашылды. Шағын вернисажда 6 қылқалам шеберінің 30-ға тарта туындысы қойылған. Олардың жанры мен техникасы да алуан түрлі. Жұмыстардың арасында акварельмен, бояумен салынған суреттер, сондай-ақ, графикалық топтамалар да бар. Суретшілердің жасы мен көзқарасы әртүрлі. Олар жұмыстарына түрлі тақырыпты арқау етіпті. Көрмеге жұмыстарын ұсынған суретшілердің барлығы қазақстандық танымал қылқалам шебері Сергей Макаровтың шәкірттері екен. Олардың барлығы бейнелеу өнеріне әуесқойлық танытып, ойламаған жерден келіпті. Десе, де қылқалам шеберлері бұған дейін бір рет өздерінің шығармашылық көрмесін өткізіп үлгерген.

«Сурет өнеріне кездейсоқ келдім. Жұмыс барысында маңызды келісімшартқа қол қою керек болатынбыз. Сол сәтті 2 сағаттай күтіп отырдық. Осы сәтте қолыма қалам алып, ақ қағазға сурет сала бастадым. Жанымдағы адамдар талантымды ерекше бағалап, қылқалам өнерін тастамауымды айтты. Содан бері сурет өнерімен айналысып келемін. Әртүрлі бояуларды топтастырып, түрлі адамдардың образын салғанды ұнатамын. Бүгінде қоржынымда 100-ге жуық жұмысым бар»,- деді Суретші, Марина СҰЛТАНОВА.¤

Көрмеде бас-аяғы 30-ға тарта туынды қойылған. Оларды кез-келген адам 22 наурызға дейін тамашалай алады. Көрме уақыты аяқталған соң, ұнаған жұмыстарды сатып алуға да мүмкіндік бар. 

Теги: картины