Алматыда Сауд Арабиясының аса мәртебелі патшасының құрметіне арналған көрме ашылды

28.07.2017 16:53

Алматыда Сауд Арабиясының аса мәртебелі патшасы Фейсал ибн Абдул Әзиз әл Саудтың құрметіне арналған көрме ашылды.  Шараға құрметті мейман ретінде патшаның мұрагер ұлы Турки ибн Фейсал әл-Сауд шақырылған. Бүгінде тамыры тереңнен басталатын Саудиттер әулеті елдегі абсолютті билікке ие жалғыз отбасы. «Әл Фейсал: әділдік пен батылдық жолы» деп аталған көрмеде 60-қа жуық құнды мұра ұсынылған. Оның ішінде сирек кездесетін тарихи құжаттар, Құран кітаптар, алтын-күміспен көмкерілген қару-жарақтар, түрлі мадақтау медальдары мен королдің саяси кездесулері бейнеленген фотосуреттер бар.

«Біздің Қазақстан мен Сауд Арабия арасындағы ортақ дүниелеріміз аз емес. Діни жағынан ғана емес, аңшылық, жылқыны жақсы көру деген сияқты адами байланыстар бар. Бізге қажылыққа келіп, сол жерде тұрғылықты қалған азаматтар да жетерлік»,- деді Сауд Арабия Корольдігінің ханзадасы, Турки ибн Фейсал Әл-Сауд Король.

Фейсал патшаның билігі жүрген дәуірде елде ауқымды реформалар жүріп, Сауд Арабия қоғамы түбегейлі өзгерген. Әл-Фейсал елде дарынды басшы әрі дара тұлға ретінде танылады. Мұндай шаралар екі ел арасындағы саяси-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Жуырда Астанада екі тарап арасында меморандум қойылып, соның негізінде бірнеше мәдени іс-шара ұйымдастыру жоспарланыпты. Ал көрмені қала қонақтары мен тұрғындары 28-ші тамызға дейін тамашалай алады.

«Бұның бәрі біздің мемелкетіміздің арасындағы ынтымақтастықты, мәдени байланыстарымыздың күшейе беруін көрсетеді және осы көрме соған ықпал етеді деп сенеміз. Өйткені, Алматы қаласы біздің мәдени орталығымыз. Бұл жерде зиялы қауым көп тұрады, халықтың көзі ашық өмір бойы мәдениетіміз осы жерде дамыған. Сондықтан да бұл көрмені осында әкеліп көрсетіп отырғаны біз үшін үлкен қуаныш және біздің мәдени өміріміздегі үлкен оқиғалардың бірі деп есептейміз»,- деді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы, Қуатжан УӘЛИЕВ.