Қазақ әйелдерінің бірыңғай мәліметтер базасы құрылады. Ол үшін республика бойынша еліміздің біртуар әйелдері жайында деректер жиналып жатыр. Тіпті кез келген азамат өзінің үлгі болар әйел тұлғасы туралы мағлұмат ұсына алады. Осы орайда Алматы қаласының мұражайында қазақ аруларының портреті ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Жобаны жүзеге асыру ойы сонау 1950 жылы қолға алынған. Идея авторы Динара Асанованың туған атасы ғұмырында жинаған коллекциясын осыдан 15 жыл бұрын немере қызына аманаттап кеткен көрінеді.
«Өздеріңіздің аналарыңыз, апа-әжелеріңіз, әпкелеріңіз жайында, жалпы үлгі тұтарлық нәзік жандылар туралы мәліметтер қабылдайтынымызды бүкіл елге құлаққағыс етеміз. Яғни тарихи тұлғаларды да, қазіргі таңдағы әйелдердің еңбектерін насихаттамақпыз. Деректер жиналған соң, ұлы әйелдер туралы бірыңғай база құруды жоспарлап отырмыз», - деді жоба авторы Динара АСАНОВА.
Көрменің негізгі мақсаты - қазақ әйелінің образын қала тұрғындары мен қонақтарына ұсыну. Аталмыш жинақ түбінде Қазақстандағы алғашқы әйелдер мұражайын құру үшін негіз болуы мүмкін. Суретшілер қылқаламынан Шара Жиенқұлова, Хиуаз Доспанова, Күләш Байсейітова, Мәншүк Мәметова сынды біртуар батыр әйелдердің портреті бейнеленген. Көрме аптаның сенбі күніне дейін жалғасын таппақ.
«Осындай көрмелер керек. Көбінесе жастарға көрсетіп, өзіміз енді талай уақыт өтті, жасымыз келіп қалды, бұны біз білеміз. Өзіміздің тарихымызды білуіміз керек қой. Сондықтан мынадай көрме өзіміздің беткеұстар апаларымызды танып-біліп, солардан үйренуі керек біздің жастарымыз», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік АХМЕТОВ.