Алматыда істі болған адамдар енді жұмыссыз қалмайды. Жұмыспен қамту орталығында "Пробация үйі" ашылды. Онда сотталып келгендерге және жазасын шартты түрде өтейтіндерге әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіледі. Бастаманы прокурорлар көтерген.
Алматылық Максим Трофимов жақында ғана темір тордан босап шыққан. Ұрлық үшін істі болған жігіт бұрын тәп-тәуір әскери қызметте жұмыс істеген екен. Ойда-жоқта бөтен адамдар арасында төбелес шығып, онда біреудің ұялы телефоны жоғалған. Осы әрекеті үшін ұрлық дерегі бойынша жазаға тартылған. Дегенмен, жақсы тәртібі үшін бостандыққа мерзімінен бұрын шықты. 3 баланың әкесі отбасын асырағысы келеді. Тек жұмысқа ешкім алмайды.
«Темір тордан босап шыққан соң алдымнан көптеген қиындықтар шықты. Сотталып келгендерді жұмысқа ешкімнің алғысы келмейді. Барған жер міндетті түрде сотталмағаны туралы анықтама сұрайды. Қазір мен қайта оқыту курсына жазылдым. Жұмыстың жаманы жоқ деп ойлаймын. Енді уқалаушы мамандығын игеріп шығамын. 3 ай оқимын. Оқуға келген жол ақымды да төлеп береміз деді. Стипендия беріледі. Бұл маған үлкен көмек»,- деді Қала тұрғыны, Максим ТРОФИМОВ.
"Пробация" үйі қаладағы жұмыспен қамту орталығында орналасқан. Көмек тегін жүргізіледі. Сотталып келгендерге үрке қарайтын халық оларды қоғамға қоспайды дейді прокурорлар.
«Пробация үйінің негізгі ол сотталған пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға және бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап келген сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету негізгі мақсаты. Біз сол жұмысқа тұруға және жаңағыдай оқып, мамандық алуға көмек көрсетеміз»,- деді Наурызбай аудандық Пробация қызметінің аға инспекторы, Жазира ҚҰЛМАҒАМБЕТОВА.
Пробация қызметінің мамандары соңғы 5 айдың көлемінде 42 сотталған жұмыс тапқанын қуана айтып отыр. Ал 1756 істі болған азамат жұмыссыздардың қатарында. Жалпы тіркеуде 3000-ға жуық сотталған тіркеуде тұр. Сондай-ақ, 1856 адамға әлеуметтік -құқықтық көмек көрсетілген. Олардың ішінде 1437-ісі медициналық ем алған. Тағы 300-ге жуық сотталушы психологиялық көмекке зәру болған.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы