Алматыда ірі құрылыс сауда кешені ашылды. Жаңа ғимараттың жалпы аумағы 80 мың шаршы метр. Оның басым бөлігін сауда орындары құрайды. Сондай-ақ, кеңселер де бар. Ішінде IT компанияларының кластері де орын тепкен. «Жібек жолы» кешенінің ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев қатысты. Ол сауда – қала экономикасының драйвері екенін атап өтті. Бүгінде бюджеттің үштен бір бөлігін құрап отыр. Алып шаһарда 42 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың көбі осындай сауда орталықтарында орналасқан.
«Біз қала қонақтары мен тұрғындары сапалы қызмет пен қолжетімді бағада тауар алуы үшін бар жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Ірі базарларда жаңғырту жұмыстарын жүргізіп отырмыз», – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас МӘДИЕВ.