Алматыда қаратаңдақ құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

01.06.2017 14:50

Алматыда қаратаңдақ құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Елбасы пәрменімен тұрғызылған монумент -  ашаршылықтың ауыр зардабын тартқан ана мен бала кейпін бейнелейді. Тарихи шараға сол нәубетте қаза тапқандардың ұрпақтары, қоғам белсенділері, ғалымдар мен тарихшылар қатысты. Көпшілік алдында сөз алған қала басшысы Бауыржан Байбек, оспадар одақтың сұм әрекетінен 3 миллиондай қазақтың қынадай қырылғанын айтты. Олардың 1 млн 700 мыңы - ашаршылықтан ажал құшқан. Сондықтан зобалаң сол күндер - қазақ тарихына жаралы жылдар болып жазылады.

Бихан Құрманәлиева бодан елді ағартуға ат салысқан атасын қазіргі ұрпаққа дәріптеп келеді. Ақ самайлы әжей Алаш арысы - Садық Аманжоловтың аталас немересі. Заманында заң саласын жетік меңгерген қайраткер - қызыл жендеттермен күресіп өткен. "Алаш" партиясын құруға ықпалдасқан. Бірақ, тарпаң тағдыр тезіне түсіп, ақыры "халық жауы" атанған.                 

«Қазақтың күн көріп отырған малын алса, олардың аштан қырылатынын білді ғой оқыған азаматтар. Сондықтан олардың барлығы қарсы болды. Сол кезде "Халық жауы" деген қара тізімге ілінді ол кісі»,- деді Садық Аманжоловтың аталас немересі, Бихан ҚҰРМАНӘЛИЕВА.

Қазақты қан қақсатқан қасіретті кезеңде - 3 миллиондай қандасымыз ажал құшқан. Олардың 1 млн 700 мыңы - ашаршылықтан шейіт болды. Тағы 100 мыңнан астам адам - ату жазасына кесілген. "Қарағайлы" бағына солардың ұрпақтары жиналды. Олар азалы кезді аза тұтып, ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуына куә болды.                       

«Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес өткен жылы біз осы ескерткішті жасауға байқау жариялаған едік. Оған жалпы саны 21 жоба түсіп, көпшіліктің, арнайы мамандардың талқылауына ұсынылды. Астанадағы мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды. Аштықтан бұратылған болашағын - өз сәбиін құшақтаған Ананың қайғылы халі сол кезеңде өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын шынайы бейнелейтіндей»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Монумент қола мен граниттен құйылған. Биіктігі - 3 метр. Оны жасауға 3 бірдей сәулетші ат салысыпты. Бодандық бұғауына байланған бабабалардың бағзы күйі - осы образға сыя кеткен.                

«Ана деген - қазан-ошақтың иесі ғой. Сол себепті, астына қарасаңыздар, біз төңкерілген қазанды бейнеледік. Төңкерілген қазан - жоқшылықтың, ашаршылықтың белгісі. Сондықтан төңкерілген қазан - символ ретінде таңдалды»,- деді Ескерткіш авторларының бірі, Дулат ҮСЕНБАЕВ.¤

Есіл елдің еңкілдей еңіреген зарлы кезі - қазақ тарихына жаралы жылдар болып жазылады. Өйткені, қаратаңдақ пен репрессия тұсында халықтың жартысынан көбі жойылған еді. Бұл қастандық - геноцидке бағаланса керек.     

«Аитылып кеткен, кезінде халық жауы атанған ұлылардың ұрпақтары да азайып келеді осы күні. Мысалы, бір ғана Алматы қаласының өзінде 6 мыңнан аса ұрпағы бар еді кезінде. Қазір солардың саны тым сиреген»,- деді Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы, Жұмабек АШУҰЛЫ.

Саяси қуғын-сүргін күні - Елбасы пәрменімен бекітілген. Қазір Астанада ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш пен  «АЛЖИР» мұражай кешені бар. Ал, Алматы облысында ашаршылық құрбандары мен репрессияға ұшырағандарға монумент қойылған.

Дастан Сейілханұлы, Қанат Кигізбаев, "Алматы" Телеарнасы



Теги: голодомор