Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған киімдердің интернет дүкені пайда болады

01.06.2017 в 15:35

Қазақстанда тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып тігілген киімдердің интернет дүкені пайда болады. Алматыда киім үлгілерінің алғашқы көрсетілімі өтті. Көрермендер назарына 30-ға жуық киім-кешек топтамасы ұсынылды.

37 жасар Меруерт Амандыққызы «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінде жұмыс жасайды. Кембағал жандарға арналып ұйымдастырылатын шараларға әрдайым қатысып, олардан қалмауға тырысады. Орталық Азия бойынша мүмкіндігі шектеулі қыздардың жаттықтырушысы бола тұра, үстіне киетін киімнің әрі ыңғайлы, әрі сәнді болуына аса мән береді.

«Жалпы айтқанда, таңертең тұрғанда қарапайым киімдерді кию бізге қиын, себебі әрқайсысымыздың әр түрлі қажеттілігіміз бар. Қол жағы, аяқ жағы, замок бар, сол себепті басқа адамның көмегін қажет етіп тұрамыз. Ал бұл жерде осындай киімдерді кие тұра, адам өзін тәуелсіз, ешкімге тәуелді болмай, өздігінен киінесің», - деді «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» ҚБ бухгалтері Меруерт ҚҰЛАХМЕТОВА.

Өндіріс орны ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған киімдердің жаздық және көктемдік үлгілерін дайындап та қойған. Олардың ішінде көйлек, шалбар, спорттық және үй костюмдері бар. Киімдердің барлығы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып тігілген.

Бір қарағанда жай ғана сырт киім сияқты. Бірақ бұл күрткенің ерекшелігі, артықшылығы өте көп. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, әсіресе, мүгедектер арбасына таңылғандар үшін бұл күрткені кию өте ыңғайлы әрі жеңіл. Оны үстінен жауып, артындағы замогын іле салу ғана керек. Ал отырған адамның сырт киімі жоғары көтеріліп кетпеу үшін мына жері арнайы ойластырылған.

Алматыдағы кембағал жандарға арналып тігілген киімдердің алғашқы көрсетіліміне келгендердің қарасы көп. Мүгедек бар қыз-жігіттер өздеріне арналып жасалған киім үлгілерін киіп шықты. Өндірушінің өзі болашақта интернет дүкен ашып, бұл істі дөңгелетіп әкетсем, дейді.  

«Олар өте ыңғайлы, шешіп-киюге тез. Біріншіден, өзінің және оған қарайтын адамның жұмысын ыңғайлатады. Көрсетілімнен кейін, интернет арқылы сату жүйесін бастамақпыз. Бағаларымыз өте қолайлы», - деді кәсіпкер Нұргүл СЕЙІТБЕКОВА.

Медеу ауданында жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 2 бірдей  шара өткен. Қоғам назарын осындай дүниелерге аудару мақсатында аудан тарапынан көптеген бастамаларға қолдау жасалуда.

«Бұл қоғамдағы қалыптасқан мәселені шешудің бірден бір жолы. Осындай бастамаларды қолдамағанда, қандай бастамаларды қолдауымыз керек. Медеу ауданы әкімшілігі аппаратының негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділікті жасай отырып, қоғам назарын осы бағытқа бұру», - деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани МАЙЛЫБАЕВ.

Медеу ауданында 3300-ден астам мүгедек жан бар, олардың 520-ы балалар. Оларға арнап киім тігуді қолға алған өндірушінің өзі болашақта мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартуды көздеп отыр.

Сая Меңдеке, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы