Алматыда өнімдер делдалдарсыз сатылатын базар ашылды

Алматыда өнімдер делдалдарсыз сатылатын базар ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Алматылықтар табиғи таза азық-түлікті қолжетімді бағамен, заманға сай жабдықталған базардан ала алады. Алматыда «Мизам» көтерме-бөлшек сауда орталығы ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Базардың басты бағыты - өндірушілер тауарларын, ортадағы делдалдың көмегінсіз, өздері тікелей әкеле алады.

Өнімдерді делдалсыз нарық алаңына жеткізу - базардың берекесін арттырмақ. Яғни енді ғана есігін ашқан «Мизам» базарына еліміздің бірқатар облыстарынан, өнімдер тікелей тиеледі. Бұл өз кезегінде, тауар бағасының арзан болуына сеп болып, сатушылардың да жұмысын жеңілдетеді.

«1 жарым млрд теңге қаржы салдық, компанияда 70 адам күнделікті жұмыспен қамтылды. Одан бөлек 300-ден аса адам аренда алып, өздерімен өздері тірліктерін бастап жатыр. Бұл базардың ең негізгі ерекшелігі - өндіруші мен сатып алатын адамдардың арасындағы «делдалдарды» жою. Біздің ең бірінші тікелей мақсатымыз сол. Екіншіден халыққа жақсы, сапалы, арзан бағамен өнім берсек», - деді «Mizam» базарының директоры Досмұхан КЕРІМБАЕВ.

Қазір қолданысқа базардың тек бірінші бөлігі ғана берілді. Бұдан өзге қалған екі бөлігінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.  Ауыл-шаруашылығы өндірушілермен 34 келісімшарт жасалып, Шығыс Қазақстаннан бал, Солтүстік Қазақстаннан сүт өнімдерін жеткізу бойынша келіссөздер жүріп жатқан көрінеді.

«Біздің жасап жатқан бағдарламаның ішінде делдалдық мәселе бойынша туындаған сұрақтарды жою мақсатында «Мизам» базарын ашу қарастырылған. Ветеринария бөлімі бойынша дәл қазір Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген 51 жеткізуші жұмыс істеп жатыр. Олар 24 сағаттың ішінде балғын, жас еттерді жеткізеді. Еттің құрамын тексеру үшін еліміздің заңнамаларына сәйкес сертификатталған зертханасы бар», - деді Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Айдын КЕРІМБЕК.

Базар басшылығының айтуынша, мұнда өзге сауда орындарына қарағанда 15 пайыздық баға айырмашылығын байқауға болады.

Орталықтың ресми ашылуына келген қала тұрғындарының әзірге көңілінен шыққандай көрінді.

«Мизам» орталығы ресми салық пен жұмыс орындарымен қамтылған  заманауи базарлардың үлгісі болмақ. Орталық мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде құрылған және жоба құны екі мың жұмыс орынына шақталып, 3,1 млрд теңгеге бағаланған. Базар қаламыздың Солтүстік айналма жолында орналасқан.

Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров