Бүгін «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 19 жыл. Айтулы датаның аясында Алматы қалалық филиалында қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген партия белсенділері мен ардагерлері марапатталды. Олардың қатарында қалалық филиалдың мүшелері Рахман Алшанов, Наталья Некрасова, Бекқали Торғаев сынды азаматар бар. Партияның осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары да бір сыпыра сараланды. Бүгінде республика бойынша «Нұр Отан» партиясына бір миллионнан астам мүше болса, Алматы қалалық филиалында 80 мыңға жуық адамды біріктіретін 750 бастауыш ұйым бар. Айта кетейік, былтыр республика бойынша өткізілген «ең үздік қоғамдық қабылдау» байқауында Алматы бірінші орынды иеленген еді. Ал 1 желтоқсан күні «Нұр Отан» партиясының мультимедиялық мұражайы ашылған. Қазіргі таңда партияға қабылдану талаптары өзгерген. Сапаны көтеру бойынша жұмыс басталып, партия қатарына тек жауапты, қоғамда өз орны бар танымал тұлғалар қабылдануда.
«Бүгін Сіздер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жетекшілік ететін партияның қатарына өтіп отырсыздар. «Нұр Отан» партиясының мүшесі атану - зор мәртебе, әрі үлкен жауапкершілік. Сіздер Елбасының саяси бағытын жүзеге асыратын партия белсенділерінің алдыңғы сапында боласыздар деп ойлаймын. Елімізді дамыту мен жаңғырту мақсатындағы белгіленген барлық маңызды стратегиялық бағдарламалар мен жоспарлар, партияның басты назарында тұрған, халық үшін маңызды істер», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Дәстүр бойынша партияға қабылданған азаматтарға билеттерін Бауыржан Байбек табыс етті. Әр түрлі сала мамандары жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысатындықтарын тілге тиек етті. Олардың арасында танымал кино және театр актеры, тележүргізуші Азамат Сатыбалды, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының жетекшісі Ұлжан Байбосынова, «SmArt.Point Almaty» мекемесінің бас директоры Әмірхан Омаров, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасының Президенті Игорь Крачковский және тағы басқалар бар.
«Өнер өсу керек. Өнер мен мәдениет елдің бет-бейнесі. Сондықтан да, қашан да «Нұр Отан» партиясы өнерді қолдап келеді, өнерді қорғап келеді. Мен өнер адамы ретінде, актер ретінде, соның бәрін көріп жүрмін. Ары қарай да сол бағытта партияның тапсырған міндеттерін орындап, елдің өсуіне-өркендеуіне, партиямен бірге болуға, бірге қадам жасауға, демек Елбасымен бірге болуға мен өзім уәде беремін», - деді театр және кино актері Азамат САТЫБАЛДЫ.
«Елбасымыздың бізге жасап жатқан мүмкіндігі бүгінде халық үшін зор қуаныш деп айтуға болады. Бүгін партия қатарына қосылып отырғаныма шын қуаныштымын. Елбасымыздың идеяларын әрі қарай іске асыруға қолымнан келгенше бар мүмкіншілікті жасаймын деп ойлаймын. Артылып жатқан сенімді ақтап шығам деп есептеймін», - деді Ықылас атындағы музыкалық аспаптар мұражайының директоры Ұлжан БАЙБОСЫНОВА.