Алматыдағы ақылы автотұрақ көше бойындағы тәртіпті ретке келтірді

27.01.2017 14:35

Алматыдағы бірыңғай ақылы автотұрақ көше бойындағы тәртіпті ретке келтіріп, көлік кептелісін болдырмауға септігін тигізуде. Жаңа жүйе әлемдегі ең озық паркомат құралымен жабдықталған. Терминалға төленген ақшаның 12 пайызы бірден салыққа, яғни қала қазынасына түседі. Бұл туралы сала мамандары мәлімдеді. 2-теміржол вокзалында іске қосылған жаңа ақылы тұрақ жайлы тілші бейнематериалында. 

Алматының көше бойлары заңсыз автотұрақшылардан тазартылуда. Бұл, жол бойындағы қозғалысты ретке келтіріп, кептелістің алдын-алуға септігін тигізеді. Әрі, жолаушылар ақшасы әркімнің қалтасына емес, қаланың қазынасына құйылады. Жарты жылдан бері іске қосылған арнайы құрылғылардың арқасында ел бюджетіне 220 миллион теңге құйылыпты. Қазіргі таңда, 51-ге жуық арнайы алаңда ақылы автотұрақтар ашылып үлгерген. Алдағы уақытта бұлардың саны 10 000 мыңға жеткізілмек. 

«Біздің басты мақсатымыз, қаланың кептелісін азайту. Бұны өзіміз ойлап тауып отырғанымыз жоқ. Шетелде бар нәрсе. Қазіргі таңда, ойлаған ойымыз толықтай жүзеге асып жатыр. Мемелекет қазынасына да қаражат құйылуда. Бүгінде 400- ге жуық арнайы алаңда ақылы автотұрақтар ашылып үлгерген. Бір демалыс сайын жүз орын көбейтіп отырамыз»,- деді "Алматы арнайы техпаркинг қызметі" ЖШС директоры, Марат ПІРІНБЕКОВ.

Жеңіл көліктер үшін мұндай тұрақтың құны әр сағатына 100 теңге болып бекітілген. Егер, тұрақ ақысы төленбеген жағдайда теміртұлпарлардың мемлекеттік нөмірлерін арнайы бейнебақылау камераларына тіркеу арқылы 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал, жүргізушілердің жаңа жүйеге қатысты пікірлері әр түрлі. 

«Бұл жаңа жүйені мен түсінгенімше жарты сағатым кетіп қалды. Оны өздеріңізде көрдіңіздер. Сондықтан, ауылдың адамдарына арнап мына апаратты дұрыстап түсінікті етіп шығарса деген ниетім бар»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Бекнұр АЗАТ.

«Мен қуаныштымын қалада осындай құрылғылардың орнатылғанына. Бұл деген заманауи үлгі. Бұрынғыдай біреудің қолына ақшаны бермейміз»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Алид ОМАР. 

Жаңа жүйе болашақта қолма - қол ақы алу үрдісін біртіндеп жоймақшы. Сала мамандарының пікірінше, қаланың негізгі орталықтарының көпшілігін ақылы автотұрақпен қамтамасыз етіп, көлік кептелісін едәуір азайтамыз деуде. Бүгінде, арнайы поркамат құралдарын Ресей және Ағылшын жерінен алдыртып жатыр. Айта кетейік, Алматыдағы 51 ақылы тұрақ 2700 көлікке арналған.