Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды сапалы әрі белгіленген уақытта жүзеге асыру бойынша Алматы әкімдігінде жиын өтті. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек өндірістік жұмыстардың сапасына, құрылыс нысандарының дер кезінде қолданысқа берілуіне басты назар аудару қажеттігін айтты. Қазіргі уақытта қалада инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жұмыс 3 бағытта іске асуда. Олар: тұрғын үй- коммуналды шаруашылық инфрақұрылымын, жылу жүйесін, сумен қамту және судан бөлу жүйелерін модернизациялау, қайта жасау және салу. Айта кету керек, 2015 жылдан бері «Саялы», «Жас Қанат», «Алғабас-1» мен Универсиада нысандарын қажетті инфрақұрылыммен қамту үшін 80 шақырымнан астам инженерлік желілер салынып, 14 шақырымға жуық инженерлік жүйе қайта жасалды. Биыл құны шамамен 10 млрд теңге болатын нысандар жаңарады деп жоспарлануда.
«Күрделі экономикалық жағдайларда әлеуметтік-экономикалық өсім, Үкімет қабылдайтын дағдарысқа қарсы шаралар есебінен, сондай-ақ мемлекеттік және үкімекттік бағдарламалардың есебінен қамтамасыз етіледі. Өздеріңіз білетіндей, жұма күні маслихаттың отырысында жалпы 10 млд астамға жобалар ұсындық. Маслихат депутаттары бізді бір ауыздан қолдады. Сол себептен, біздің экономикамызға жергілікті бюджеттен тағы инвестиция қосымша құйылатын болады. Сол бойынша мына біздің администраторлар ұсынған жобаларды уақытында, сапалы орындау қажет», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала әкімі жиын барысында бағдарламалардың мақсатты индикаторларына қолжеткізу және басты проблемаларды шешу жөнінде бірқатар хаттамалық тапсырмалар берді және қаланың басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар мәселелерге назар аудару қажеттілігін айтты.
«Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бастап жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын сумен қамтудың 141 км жаңа желісі, 96 км кәріз жүйесі тартылды. Жалпы, 2016 жылы 467,2 км инженерлік желі жаңартылды және салынды», - деді қала әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.