Алматылықтар ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды

01.06.2018 02:13

Алматыда да жыл сайын аталып өтілетін шара ашаршылық құрбандарына арналған ескірткішке гүл қоюмен басталды. Монумент өткен жылы Елбасы пәрменімен тұрғызылған. Шараға қала әкімі Бауыржан Байбек, қоғам қайраткерлері, репрессия мен ашаршылық құрбандарының ұрпақтары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және қала жастары қатысты.

Бұл Алаш арысының ұрпағы Саят Жансүгіровтің әкесі Ілияс Жансүгіровке арнап жазған өлеңі. Ол бар ғұмырын халқына арнаған жыр жампозын қазіргі ұрпаққа дәріптеп келеді. Жасы тоқсанға таяған қария аласапыран заманда айдауға жөнелтіліп, бірақ сол кездегі солақай саясаттың кесірінен көз жұмған әкемнің тағдырын айту жүрегіме шаншудай қадалады дейді.

«Екі қызым бар біреуінің аты Жамал, Ілиястың бақытты Жамал деген несі болатын. Екіншісі шешем татар болғаннан кейін Резита деген. Хорватияда тұрады. Ал Жамал Мәскеуде тұрады. Немерелеріміз бар. Барлығы ылғи әкеміздің жатқан жері Жаңалыққа барып тұрамыз. Жақсы көреміз»,-деді Ілияс ЖАНСҮГІРОВТІҢ ұлы Саят ЖАНСҮГІРОВ

Қазақты қан қақсатқан қасіретті кезеңде - 3 миллиондай азамат ажал құшқан. Олардың 1 млн 700 мыңы  ашаршылықтан шейіт болды. Тағы 100 мыңнан астамы  ату жазасына кесілген. "Қарағайлы" бағына бүгін солардың ұрпақтары жиналды. Олар азалы кезді аза тұтып, ашаршылық құрбандарына арналып өткен жылы ашылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

«Тарихтың шерлі үнін жеткізген бұл ескерткіш - қаламыздың киелі нысандар тізіміне енді. Бұл - Елбасы атап өткендей, «ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буыннан тағзым және келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым»,-деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

1997 жылы Елбасының Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Бұл күн еліміз үшін айрықша мағынаға ие.

«Бүгінгі күні айтатын болсақ, бізде осы мейрамдар көп қой. Бірақ бұл Аза тұту күні. Қазақтың, халықтың көбі қырылған соны еске алу күні. Солардың аруағының алдында тағзым ету күні. Осы жерде бүгін міне 31 мамыр күні Алматының ардагерлері, жастары жалпы көпшілік қауым жиналып отыр. Мұның бәрі кеше осы бейбітшілігіміз үшін, біздің болашағымыз үшін біздің тәуелсіздігіміз үшін құрбандар болған аруақтарды еске алу»,-деді Республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек АШУҰЛЫ.

Атаулы датада Алматы музейі құнды жәдігермен толықты. Қазақтың қайсар ұланы Қайрат Рысқұлбековтың "Халық Қаһарманы" медалі мұражайға берілді. Оны Қайраттың бауыры Талғат Рысқұлбеков табыстады. Қайрат Рысқұлбеков егемендіктің алғашқы сеңін қозғаған Желтоқсан оқиғасына қатысқан.

«Халық қаһарманы атағын біз үйде сақтағанымен оны ары кетсе 1000 адам көреді. Осыны біз Алматы музейінде. Керемет музей ашты Бауыржан Байбек ішін өзі көрді. Желтоқсанға арнайы бір бөлме ашыпты. Сондықтан соны сол музейге қойсақ қаншама жастардың ертеңгі күні ұлтжандық болады. Жанашыр болып өсуіне себепкер болар ма еді. Өйткені анау мектептерден келіп көреді музейді»,-деді Қайрат РЫСҚҰЛБЕКОВТІҢ інісі Талғат РЫСҚҰЛБЕКОВ.

Ұлылар есімін ұлықтау қашанда жалғаса бермек. Қалада өткен жылы  бірқатар көшелерге ұлтымыздың мақтанышына айналған батырлардың, ақындардың, жазушылардың есімдері берілді. Олардың арасында Смағұл Сәдуақасұлы, Телжан Шонанұлы, Жанша Досмұхамедов, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағанбетов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Әмина Өмірзақова, Мақаш Тәтімов, Герольд Бельгер бар.


Перизат Көмекбайқызы, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы