Алматының орталығынан алыс аудандар жақын арада жаңаша түрленбек

Алматының орталығынан алыс аудандар жақын арада жаңаша түрленбек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының орталығынан алыс аудандар жақын арада жаңаша түрленбек. Urban Forum Almaty қатысушылары қала әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеп халық көп шоғырланған аудандарды дамытуды қолға алмақ. Сонымен қатар, форумда бұл топтың бастамасымен ұйымдастырылған әлеуметтік жоба байқауының жеңімпаздары өз жұмыстарын көпшілікке паш етті.

Сергей Васильев өз жобасын Қарасу ықшамауданын дамытуға арнады. 32 жасар азамат Алатау ауданында туылған кезінен бері тұрып келеді. Сондықтан ол аумақпен етене таныс. Ең алдымен тұрғындардың басын қосып арнайы экологиялық қоғамдастық құрмақ. Сондай-ақ Қарасу өзенін де күрделі жөндеуден өткізуді жоспарға алған.

«Мен шетел тәжірибесін зерттедім. Көптеген мемлекеттерде арнайы экологиялық қорлары бар. Менің қоршаған ортаны жақсартуды көксейтін жобалар сол қор есебінен қаржыландырылады. Экологияны жақсарту үшін барлығымыз өз үлесімізді қосуымыз керек», - деді  әлеуметтік жоба байқауының жеңімпазы Сергей ВАСИЛЬЕВ.

Сергейдің жобасы Urban Forum Almaty тарапынан қолдау тапқан жалғыз еңбек емес. Бұдан бөлек, байқауда тағы 5 жұмыс үздік деп бағаланды. Сайысқа жеке де, заңды да тұлғалар қатысқан. Барлығының көксеген мақсаты бір, яғни қаланы қай жағынан болмасын көркейту керек.  

«Әлеуметтік жоба қала орталығынан алыс аудандарды қамтуы тиіс болатын. Жалпы 60-қа жуық өтініші келіп түсті. Оның ішінде 6 жоба үздік деп танылып, грантқа ие болды. енді олар жуық арада іске асырылады», - деді «Urban Forum Almaty» өкілі Зульфия АБДУХАЛИКОВА.

Байқаудан бөлек, Urban Forum Almaty өткен жылы Алматының халық көп шоғырланған ықшамаудандарда зерттеу жүргізген. Қаланың 3 ауданында жүргізілген зерттеуге сәйкес, Орбита, Тастақ, Шаңырақтағы тұрғындардың белсенділігі, қоғамдық ұйымдарға қатысуы және олардың осы аймақтардағы жұмыс орындарымен қамтылуы пайыздық деңгейде көрсетілген. Шаңырақ ықшам ауданында 85 пайыз,  Орбитада 87, ал, Тастақ ықшам ауданында 94 пайызы билікпен қарым-қатынас орнатпайтындығы анықталған. Енді осы олқылықтың орнын толтыру үшін қала әкімдігімен бірлесіп шара қолданып, бұл мәселені бірлесіп шешпек.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров