Алматыда жылына 550 мың тонна қоқысты сұрыптайтын зауыт салынуда

Алматыда жылына 550 мың тонна қоқысты сұрыптайтын зауыт салынуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда  жылына 550 мың тонна қоқысты сұрыптайтын зауыт салынып  жатыр. Алатау ауданындағы алып кешен арқылы қоқысқа тасталған шыны, пластик, полиэтилен, темір және қағаз қалдықтарын кәдеге қайта жаратуға  жағдай жасалмақ. Мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобасымен жұмысы басталған құрылыстық құны 5,3 миллиард теңге төңірегінде.

Тәулігіне  мың бес жүз тонна  тастанды  заттарды қабылдауға жоспарланған  сұрыптау кешені  әзірге елдегі ең ірі қоқыс өңдеу орталығы болады. Құрылысы қажетті мезгілде  іске қосылса, өндірістің  жылдық өңдеу көлемі 550 мың тонна деп болжаныпты. «Тұрмыстың заттардың  арасынан алынған  пластик, темір, қағаз қалдықтарын кәдеге қайта жаратып қана қоймай, экспорттау арқылы да ақша табуға болады», - дейді басшылар. 

«Кешен салу туралы ой 2 жыл бұрын пайды болды. Шетел тәжірибесін зерттеп, озығын таңдап сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өндіріс ошағына құрал-жабдықты Италиядан сатып алдық. Бүгінде ол мемлекет шығаратын технология ең үздік болып есептеледі», - деді «GREEN RECYCLE» ЖШС директоры Дмитрий ДАНИЛЬЧЕНКО.

Кешеннің көлемі 3,4 гектарды құрайды. Желтоқсан айынан бастап құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқан жер жоспар бойынша жүзеге асса, алда 530 адамды асырамақ. 

«Кәсіпорын қызметкерлері негізінен сұрыптаушылар. Оларды кешенді іске қосудан бұрын оқытатын боламыз. Ал қалғандары экскаватор және жүк тиегіш көлік жүргізушілері. Оларды табу қиынға соқпайды деген ойдамын. Кешен тәулік бойы жұмыс істейді», - деді Дмитрий ДАНИЛЬЧЕНКО. 

Өндіріс ошағы ашылса, онсызда симай жатқан полигонға апарылатын қалдық  көлемі кемиді. Тек қаланың өзінен  тәулігіне екі мың  тонна қоқыс  шығады. Өткен жылы қаланың айналасындағы  полигондар  650 мың тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықпен көбейіпті.

«2019 жылдан бастап полигондарда бөтелке пластмас, қағаздарды көмуге рұқсат етілмеген. Сол себептен осы зауыт 2018 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылса, қалаға тиімді болады деп ойлаймын», - деді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Диас АХМЕТҚАЛИЕВ. 

Келесі жылдан бастап қоқысты полигонға бей берекет тастауға шектеу қойылып, қаңтардан бастап қатты тұрмыстық қалдықтар қайта өңделуі керек. Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын  60 миллиард теңгенің шикізаты қоқыс полигондарына көміледі. Кең даланы  ластап, тау бой үйілген қалдықтардың тек  7 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі екен.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров