Алматыда мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа зауыт бой көтермек

13.04.2017 15:24

Алматыда мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа зауыт бой көтермек. Елімізде тұңғыш рет ашылғалы отырған орталық жылына 100 тоннаға жуық құбыр өндіреді деп жоспарлануда. Алатау ауданында қабырғасы қаланғалы отырған құбыр шығаратын мекеменің макетімен қала әкімі Бауыржан Байбектің өзі танысты. Айта кетейік, өндіріс орны еліміздегі ең үлкен диаметрлі құбыр шығаратын тұңғыш зауыт.

Жаңа зауыт Алатау ауданындағы индустриалды аймақта бой көтереді.қала әкімі болашақ өндіріс орнының макетімен танысты. Зауыт 2018 жылы толық жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Онда, мұнай құбырлары мен күнделікті тұрмысқа арналған трубалар шығатын болады.  Жалпы, индустриалды аймақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған болатын. Бүгінде аталған аймаққа инвестиция салушы шетелдіктер көбейген.  Мәселен, 39 жобаның 18 экспортқа бағытталса, 7 шетелдік капиталмен жүзеге асып отыр. 

«Мына жерде біздің азаматтарымыз тұрақты жұмыс орындарын ашатын болады. Осы жоба арқылы біздің қаламызға 33 миллиард теңге инвестиция келетін болады. Ең негізгі мәселе бізге трубалар шетелден алынатын болса енді соның 60 пайызын өзімізде шығаратын боламыз. Мен ойлаймын бұның барлығы елбасының тапсырмасы бойынша жасалып жатқан жоба»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК. 

19 мың шаршы метр аумақты алатын зауыттың жалпы құрлысына Қытайдың CNPC мұнай компаниясы инвестиция құйып отыр. Оның жалпы сомасы 100 миллион АҚШ долларын құрайды. 

«Негізінде бұл үлкен жоба тікелей елбасымыздың индустриализация тапсырмаларының орындалуы. Осыдан екі жыл бұрын Қытай мемлекетінің басшысымен келісілген жұмыстың нәтижесі»,- деді «Қазмұнайгаз» ҰҚ басқарма төрағасы, Сауат МЫҢБАЕВ.  

Жылына өндіріс орнының іргетасы жақын күндері қаланбақ. Айта кетейік, диаметрі 355-тен 1420 мм болатын құбыр шығаратын зауыт елімізде тұңғыш рет ашылмақ. Ол, жылына 100 мың тонна болат труба шығаруға қауқарлы. Халықаралық стандартқа сай өз жұмысын жүргізетін орталық отандық өнімді экспортқа да шығаруды көздейді.  Айта кетейік, аталған жобаны жүзеге асыру 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай халық Республикасының төрағасы Си Цзинпинмен кездесу аясында жүзеге асты. Сол кезде мемлекет аралық мұнай газ саласын дамыту мақсатында кешенді стратегиялық бағдарлама қол қойылған болатын.