Алматыда тың тергеу бөлмелері ашылды

Алматыда тың тергеу бөлмелері ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тың тергеу бөлмелері ашылды. Онда қапастағыдай қалың қабырғалар жоқ. Қоршаулар толықтай әйнектен әзірленген. Прокурорлар бұл - тергеу кезінде түлкібұлаңды болдырмау үшін қажет дейді. Өйткені, әлгі бөлмелерден тергеу процесінің қалай жүріп жатқанын анық көруге болады. Одан бөлек, заң қызметкерлері полицейлермен жолығып, жәбірленушілер тарапынан түсетін шағымдар жайын сөз қылды. Сөйтсе, қазір көптеген арыз толық зерттелмейді екен.

Тергеуге алынғандар енді қысым көрмейді. Прокурорлар журналистерге күдіктілерді сұрауға алатын жаңа бөлмелерді таныстырды. Мұнда қарыстай қалың қабырғалар жоқ. Қоршаулар толықтай әйнектен жасалыпты. Әзірге, мұндай орындар тек Түрксіб ауданындағы Ішкі істер басқармасында ғана бар. Болашақта олардың санын көбейту жоспарланған.                  

«Мұндай тергеу бөлмелері күдіктілерге қысым көрсетілуін болдырмайды. Процесс ашық әрі әділ жүргізіледі. Тергеу амалдарының қалай жүріп жатқанын сырттан оңай бақылауға болады. Ондағы әңгіме таспаға жазылады», - деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы прокурорының орынбасары Бақтияр МҰХАМЕДЖАН.

Мұндай орындардың ашылуы заңды. Өйткені, тұрғындар тарапынан тергеушілердің қызметіне қатысты сын-ескертпелер жиі айтылатын болған. Айталық, былтырғы жылы полицейлерге 10 мыңға жуық арыз түскен екен. Бірақ, солардың дені мүлде қаралмаған. Яки, тәртіп сақшылары істі созбақтап келген. Тергеушілерге өкпесі қара қазандай жәбірленушінің бірі осы - Эльмира Турунова. Оның бизнестегі әріптесі алаяқтыққа барып, қалтасын қаққан. Ал, полиция оның шағымына жарты жыл бойы үңілмепті де.                    

«Күдікті өзіме тиесілі ақшамды жеке шотына аударып жіберген. Ұрланған қаражат қомақты. Мен бұл заңсыздықты Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне айтып, шағым жазғам. Бірақ олар мені тіпті елеген жоқ. Хабарлассам тұтқаны көтермейді, барсам орындарында болмайды», - деді тұрғын Эльмира ТУРУНОВА.

Салғырттыққа төзбеген тұрғындардың көбі, кейін прокуратураға арызданған. Пагон таққандар өткен жылдың өзінде мұндай 16 мың шағым қабылдапты.          

«Осы арыздардың жартысынан көбі қарастырылмаған. Яғни, заң бұзушылықтар анықталған. Осы мәселелердің барлығын алқа мәжілісінде қарап, талқылаймыз», - деді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жарқынбек БАҚАШБАЕВ.

Қазір елімізде жәбірленушілердің шағымын шұғыл қарауға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Тексеріс  небәрі 3 күнге ғана созылуы керек. Ізінше, қылмыстық іс прокурорларға беріледі. Олар өз кезегінде бірнеше сағатта барлық мәліметті сотқа жеткізулері қажет.        

Дастан Сейілханұлы, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров