Алматының аудандарында Жеңіс күні тойланды

11.05.2017 17:44

Алматыда Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай ұйымдастырылған шараларға 500-ден аса ардагер қатысты. Сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен майдангерлер саны, жыл сайын азайып барады. Әйтсе де, өскелең ұрпақ оларды барынша құрметтеп, үлгі тұтуы тиіс. Биыл шаһардың 8 ауданында да Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған шаралар жоғары деңгейде тойланды. 

Жыл санап қатары сиреген қарт майдангерлер үшін жеңіс күні ерекше күн. Қазір Наурызбай ауданында 8 соғыс ардагері мен 364 еңбек ардагерлері тұрады. Олардың құрметіне аудан басшылығы бірқатар шаралар ұйымдастырды, мектептерде кездесулер өткізді. 

«Жасөспірімдердің патриоттық сезімін ояту үшін аталарымыз-әжелеріміз келіп, соғыс кезінде қалай болғанын, бәрін түсіндіріп, осындай жұмыстың нәтижесі міне, үлкен концерт ұйымдастырылып жатыр. Ардагерлердің жағдайы біздің ерекше көңілімізде. Осы мамыр мерексінің алдында бір ардагердің үйінің шатырын жөндеп берген болатынбыз»,- деді Наурызбай ауданының әкімі, Сайран САЙФЕДЕНОВ. 

«Бізге Тәуелсіздігіміздің арқасында 9 май мерекесіне бәрімізді жинап, басымызды қосып, қазақтың ақ дастарханыны жайып, ел-жұртқа көрсеткеніне, бәріне рахмет!»,- деді ҰОС тыл ардагері, Бекен ДӘУЛЕТОВ. 

Жетісу ауданында Ұлы Отан соғысының 72-жылдығын атап өтуге 32 ардагер келді. Сұрапыл соғысты көрген ардагерлерге құрмет тек мейрамда ғана емес, әрқашан көрсетіліп келеді.

«Қазіргі таңда аудан аумағында тек қана 32 ардегер қалып отыр. Солардың барлықтарын құттықтап, көңілдерін біліп, жастарға үлгі-өнеге болсын деп, ата-бабалардың бізге қалдырған Жеңіс күні есте болсын деп осындай мереке өткізіп отырмыз»,- деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары.

Жеңіс күнін тойлауға әр аудан асқан дайындықпен келген. Түрксіб ауданында жасөспірімдерге арналып ерекше көрме ұйымдастырылды. Бүгінде бұл ауданда 58 соғыс және 2720 тыл ардагері бар. Олардың барлығына арнайы сыйлықтар жасалды. 

«ҰОС қатысқан 58 адам бар. Жылдан-жылға олардың саны азайып барады. Тыл ардагерлерінің саны 2720 адам аудан бойынша. Оларға концерттік қойылым, дастархан жайып, қарап жатырмыз»,- деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары, Мұхтар ТӘЖІБАЕВ. 

Түрксіб ауданы ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдық мерейтойын да дүбірлетіп атап өтті. Шара ТМД елдеріне танылған құрлық әскерлерінің әскери институтында өтті. 

Еліміз Қарулы күштерінің 25 жылдық мерейтойын Медеу ауданы ерекше тойлап өтті. Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлім штабында аллея ашылды. «Мұнда отырғызылған ағаштар осы күннен жастарға мәңгі естелік болып қалмақ», -дейді ұйымдастырушылар. 

«Іс-шарамыз ары қарай ардагерлер аллеясында ағаш отырғызумен жалғасып жатыр. Бұл есте қалатын іс-шара. Жастарға патриоттық мәні бар, тәрбиелік мәні бар, үлкен іс-шара деп ойлаймыз»,- деді ҚР мемлекеттік күзет қызметінің ардагері, Елдос НҰҒМАНОВ. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде, республикада 2 мың 776 ҰОС қатысушысы мен мүгедегі тұрып жатыр. Жылдан-жылға олардың қатары азайып барады. Сондықтан, ардагерлердің ерлігін жастарға үлгі ету, қарттарға сый-құрмет көрсету кейін қалып қоймауы қажет. Елі мен жері үшін майдан даласында мерт болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету - бүгінгі ұрпақтың басты міндеті.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы