Бүгін Алматыда Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қозғалысының мерейтойлық 10-шы өңірлік конференциясы өз жұмысын бастады. Үш күнге созылатын шараға әлемнің 54 елінен қоғамдық ұйымның өкілдері жиналды. Алматыдағы 54 елдің делегаттары қатысқан мерейлі форумды өткізуге испандық Мадрид қаласы да үміткер болатын. Алайда, Алматының таңдалуына Қазақстан Сирия келіссөздерін өткізуге алаң бергені себеп болған. Жалпы шара Азия елдерінде алғаш рет өтіп жатыр. Биыл мамандар басты 3 тақырыпты талқылайды. Халықаралық конференцияны ашқан Алматы әкімі Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып берді. Онда ұйымның заманауи өткір проблемаларды шешудегі, әскери шиеленістер мен табиғи апаттар кезінде зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетудегі ерекше рөлі атап өтілген.
«Қазақстан Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай қозғалысына оның толық құқылы қатысушысы ретінде орасан көмек көрсетуде. Бүгінгі күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі, сонымен қатар, Астана процесінің бастаушысы ретінде еліміз барынша жетілген, қауіпсіз және тұрақты бейбітшілікті орнықтыруға ықпал етуде. Тек өзара сенімге, құрметке және түсіністікке негізделген іс-қимыл ғана барша адамзатты басты мақсатқа жетелейді. Конференция қорытындысы бойынша қабылданатын Алматы декларациясының гуманитарлық дағдарыстарды жеңудің және көмек пен қолдауға зәру жандардың өмірін жақсартудың тиімді жолдарын іздестіруге маңызды үлес қосатынына сенімдімін», - деді Алматы қаласының әкімі.