Алматыда жергілікті көкөністердің бағасы тұрақты болу үшін шара қолданып жатыр

05.07.2018 02:52

Қыстыгүні қырауда көкөніс құны әдеттегідей шарықтап кетпесі үшін, 500 миллион теңгеден астам қаражатқа өнім алдын-ала сатып алынбақ. Жергілікті билік, баға нарығын осылайша біршама шарықтатпауға ынталы. Сондай-ақ Алматыдағы жылыжайда өсірілетін егін қарқынын арттыру үшін субсидия беруге де әзір. Кәсіпкерлердің қазіргі  қарқыны мен қоймаларды қажетті тауармен толтыру жағы қалай болмақ? Таза табиғи өнім қаншалықты қолжетімді?

Бұл 11 гектар жерді қамтитын жылыжайдан биыл 7 мың 400 тонна көкөніс өнімі алынбақ. Былтырғы жылмен салыстырғанда 400 тоннаға артық. Ақылды техниканың арқасында бұл аумақта ауа температурасы 25-тен әрі аспайды,ал ылғалдылық көлемі 75 пайыз деңгейінде сақталады. Қиырдың көшетін жылына 3 рет отырғызып, 3 рет өнім алға болатын болса, қызанақты бір рет егіп 9 ай бойы таза табиғи экологиялық өнім алуға болады. Сондықтан да, оны сабағынан үзіп алып жей берсеңіз ешқандай қауіпі жоқ деген сөз.

Ешқандай химиялық қоспасы жоқ өнімге деген сұраныс қашанда жоғары. Қияр мен қызанақтан бөлек, баялды, яғни баклажан мен тәтті бұрыш тауарына ұсыныс түсіп, жарты гектар жерге тұқымы себіліп, көкөніс алынуда. Жылыжайдан алынған өнімнің шамамен 30 пайызы Алматылықтар үшін сауда нүктелеріне жіберілсе, 35 пайызы еліміздің солтүстік аймақтарына: Астана, Ақмола облысы, Қарағанды облысына жөнелтілуде.  Ішкі нарықтан бөлек, эко өнімге дәмелі Ресейліктерге 20 пайызы жеткізіліп отыр. Тауар сапасының сынға ілікпеуі мен сәйкесінше,бағасының да  ақылға қонымды болуын үнемі қадағалауда ұстаймыз дейді бизнес өкілдері.  

«Қазіргі таңға жіберіліп жатқан қиырдың бағасы 100 теңге, қызанақтың бағасы 150 теңге болып тұр. Бұл бізден сатып алушы кәсіпкерлерге де, тиімді болып тұр. Қазір екінші маусымды аяқтағалы жатырмыз. Бұл біздің істеп жатқан еңбегіміз қаланың көкөністерге деген сұраныстың бағасын 20 пайызға төмендеттік деп ойлаймыз. Салыстырмалы түрде қарағанда 2017 жылмен»,-деді жылыжай директорының орынбасары Шәкен БӨЛЕКБАЕВ.  

Кәсіпкерлердің бастаған бизнесінің беталысына көңілге қонымды баға берген жергілікті билік, биыл да субсидия арқылы көмек беруге әзір.  Ал жұмыспен қамту орталығы жылыжайда жұмыс істейтін 200-ге жуық жұмысшыға төленетін жалақысының 30 пайызын төлеп отыруға ынталы екендіктерін жеткізіпті. Былтыр дәл осы салада кәсібін дөңгелетіп отырған іскерлердің ішінен 118 миллион теңге салық төлеп, қазынаға ең көп қаражат құйған кәсіпорын ретінде топ жарғаны тағы бар. Тірлік мұнымен тоқырамақ емес. Индустиралды аймақтан тағы да 8  гектар жерге жылыжай салып,  егін егуді едәуір арттыру жоспарда бар.  

«Қалалық ауылшаруашылық басқармасына хат  жолдағанбыз. Бізге биыл өсімдіктергеберілетін тыңайтқыштар жөнінде құжаттар өткізгенбіз. Сол құжаттар аясында жергілікті бюдетінен біз жұмсаған қаржының 50 пайызын төлеп беруге ықпал жасап жатыр»,-деді жылыжай директорының орынбасары Шәкен БӨЛЕКБАЕВ.

Жаздыгүні Алматылықтарды жаңа піскен жеміс-жидек, көкөніспен қамтамасыз ету еш кедергі келтірмейді. Алайда, жылдың басқа мезгілдерінде қол жетімді бағаны тұрақтандырып тұру оңай емес. Былтырдан бері  жергілікті билік 500 миллион теңге көлеміндегі қаражат қарастырып, оған 10 мың тонна көкөніс алынып, нарықта тауар құнын біршама шарықтатпауға тырысып-баққан еді. Әйтсе де, мұның өзі көкөніс құны жаздағыдай жыл бойы сақталады деген сөз емес.

«Бағаның қымбаттайтын кезі, желтоқсан айынан мамыр айына дейінгі аралықта. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында, алдын-алу үшін осы бағдарлама жасалған. Бұл 2018 жылдың 5 айында қолданылды. Былтыр бізде картоп, сәбіз, пияз 3 өнім болған. Биыл, енді осы үш өнімге тағы қырыққабатты қосып тағы да осы бағдарламамен жұмыс істесек па деген ойдамыз»,-деді Алматы қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария  басқармасының бөлім басшысы Қанат КӘКЕН.  

Алматы тұрғындарының бір жылдық сұранысы шамамен 750 мың тонна көкөніс пен 400 мың тонна жеміс-жидек екен. Осы ретте, жыл басынан бері  баға тұрақтылығын сақтау үшін апта сайын алты  ауданда 300-ге жуық жәрмеңке өткізілді. Бармақ-басты, көз қыстыға пиғылы бар бизнесмендер қатаң бақылауда болатынын да ескертеді басқарма мамандары. Сондай-ақ жылына еліміздің түкпір- түкпірінен 10 рет ауылшаруашылығы өнімдері жеткізіледі. Жаппай жеңілдік кәсіпкерлерің қалтасын қалыңдатып, жұртшылықты да арзан өнімге қарық қылады.

Әйкерім Ердәулетқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы