ҚҰАУ-нің студенті Дидар Болысбектің өліміне қатысты сот отырысы өтті

23.06.2017 в 23:05

Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің студенті Дидар Болысбектің өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Осы жолы процесске медициналық сараптама жүргізген сарапшы Байсадықов Мейіржан мен атышулы істі тергеген тергеуші Олжас Байбеков шақыртылды. Олардың келуін судьядан жалғыз күдікті Тойчибек Асамовтың адвокаты сұраған. Өйткені, сот отырысы кезінде төбелесті көрген куәгерлердің жауаптары айна қатесіз бірдей екендігі анықталған болатын. Тіпті ондағы орфографиялық қателіктерде қайталанады. Оны тергеуші техникалық қателіктің кеткенімен түсіндірді. Сөзінше, ол куәгерлердің әр қайсысынан жеке-жеке жауап алған. Ал адвокаттың қойған сұрақтарына "есімде жоқ" деп жауап берді. 

«Бір бала ажал құшып,екінші баланың тағдыры шешілейін деген кезде техникалық қате кетуі мүмкін емес, біріншіден. Екіншіден естен шығуы мүмкін емес. Бұл кішкене ғана оқиға емес. Бұл бүтін Қазақстанды дүрліктірген оқиға. Талап етемін. Бұл жерде болған балалардың жауап беруін талап етемін. Өйткені, олардың қатысы болған істі менің балама артып отыр. Сондықтан келесі отырыстарда балам денсаулығы жақсы болса, Құдай қаласа тергеушінің оны қалай мойындатқанын барлығын айтып береді»,- деді Тойчибек Асамовтың анасы, Саламат АСАМОВА.

Еске сала кетейік, 12-ші сәуірге қараған түні Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің жатақханасында 20-дан астам бала арасында төбелес шыққан. Кейін белгілі болғандай, жоғары курс студенттері, бірінші курс студенттерінен ақша бопсалаған. Нәтижесінде,1-ші курстың ізденушісі Дидар Болысбек оқиға орнында қайтыс болған еді. Сот сараптама нәтижесіне сәйкес, 17 жастағы жігіттің кеуде тұсына тиген ауыр соққы жүректің тоқтауына алып келген. Жұртты елеңдеткен оқиғада жалғыз күдікті ретінде 2-ші курс студенті Тойчибек Асамов танылған. Десе де, ол әлі кінәсін мойындаған жоқ.