Алматыда Екатерина Парафиеваны екі аяғынан айырған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот жалғасып жатыр. Бүгін процеске люкке жауапты коммуналдық мекеме мен сараптама жүргізген маман шақыртылды. Ал, апатқа кінәлі деп тартылған автобус жүргізушісі тағылған айыппен келіспей отыр. Бірақ, айыпталушыға қатысты жаңа дерек белгілі болды.
Кезекті сот отырысы люкке жауапты коммуналдық мекеменің қызметкерлерінен жауап алудан басталды. Олар шойын жабынның сапасына емес, тек ауыстырумен ғана айналысатын болып шықты.
«Біз сағат 11-де бір қарап шықтық. Ал 12-ден 1 дейін түскі ас уақыты. Сол ас ішіп болғанан кейін бізге хабар келді. Біз сынса сол кезде ауыстырып тастаймыз», - деді «Алматы тазалық» МКК шебері Нұржан ҚАҢТАРБАЕВ.
Ал, мына куәгер жол апатын бүге-шүгесіне дейін көрмесе де, жартылай ашық жатқан люкке көзі түскенін айтады. Бірақ кімге хабарлауды білмегендіктен, жөніне кете беріпті.
¤«Мен түскі үзіліс кезінде әл-Фараби даңғылы арқылы Шаляпин мен Береговой көшелерінің қиылысына бара жаттым. Кейін жұмысқа қайтуым керек болған. 20 минуттан соң жол апаты орын алғанын көрдім. Автобус пен екі жеңіл көлік соғысыпты. Тек кейін мән-жайды ғаламтордан оқыдым», - деді куәгер Саида ЖАНӘБІЛОВА.
Бұл жол апаты кезінде Екатеринаны соққан тойота көлігінің иесі Ұлан Әбдуәлиевтің досы. Алдыңғы сот отырысында оның дәл жол үстінде осы адаммен ұялы телефон арқылы сөйлескені анықталған. Бүгін ол да сотқа куәгер ретінде шақыртылды.
Автобус тақымдаған Дәурен Жаңабаев өзіне тағылған "жол қауіпсіздігін сақтамай, абайсызда адам денсаулығына ауыр зақым келтірді" деген айыпқа үзілді кесілді келіспей отыр. Айтуынша, ол сол күні лагерьдегі балаларды сауда орталығынан әкеле жатқан. Бір ғана қателігім, құдықты көріп, бұру белгісін қоспастан, бұрылып кеткендігім деп отыр. Ал, сараптамашы автобустың жылдамдығы тойотадан басым болғанын айтады.
«Тексеру барысында анықталғаны хонда маркілі көлігінің артқы дөңгелегі бүлінген люкті басып өтудің нәтиежесінде жарылған», - деді Сот сарапшысы Ерназар ӨТЕШОВ.
Қаперде болса, маусым айында әл-Фараби даңғылында Екатерина Парафиева тақымдаған көлік ашық люкке түсіп, дөңгелегі жарылып кетеді. Оны көрмек болып көлікте болған қос құрбы көшенің қақ ортасына шығады. Осы тұста ойламаған жерден, тойота маркілі машинасы автобуспен соқтығысады. Кейін ол Екатерианының көлігіне барып ұрылыпты. Ал, қос көліктің ортасында екі қыз қысылып қалған. Олар ауыр жарақат алды. Тіпті, дәрігерлер Екатеринаның өмірін аман сақтап қалу үшін қос аяғын кесуге мәжбүр болған еді.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы