Алматыда «Наурыз нақыштары» атты фестиваль ұйымдастырылды

18.03.2017 15:40

Қос ұлт - ұлық мейрамды ұлықтауды бастады. Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде «Наурыз нақыштары» атты кезекті фестиваль ұйымдастырылды. Биылғы көрмеге парсы халқының жәдігерлері қойылыпты. Мұражайдан 150-ге жуық экспонатты тамашалауға болады. Одан өзге, отандық суретшілердің 200-ге жетеғабыл туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Еңбектердің барлығы - қос ұлттың ғұрпы мен салтын әспеттеуге бағытталған. Думанды шарада көрмеден бөлек, түрлі қойылымдар, шеберлік дәрістері мен оқулықтар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.                                                                                

«Иран халқының өздеріне тән миниатюра, фреско өнерін жақсы көруге болады. Сондай-ақ арабеска түрінде жасалған репродукциялардан біз көптеген Құранның аяттарын, сүрелерін көріп тұрмыз», - деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғалым хатшысы Ғалия ТЕМІРТОН.

Әз-Наурыз қазақ пен парсыға ортақ мейрам. Қара жерден қар кебіндеп, көк шыққанда тебіндеп, осы ұлттар ұлыс күнін ұлықтауды бастайды. Жер бусанған сәтте, табиғат-ана да ақ тонынан арылады. Ағеділ ағайын арқа-жарқа көріседі. Саулық сұрасып, қуана қауышады. Парсының да парқы осы. Алматыда өткен шараны тамашалаған ирандықтар екі елдің салтындағы ұқсастықты аңғарыпты.

«Қазақ салты - тұнып тұрған тәрбие. Мән-маңызы зор. Наурыз кезінде жасалатын жоралғылары да көп екен. Кейбірі біздің елдің ғұрпына ұқсас келеді. Мәселен, қазақтар «Наурыз-көже» дайындайды екен мейрамда, ал парсы халқында «Хафт син» асы әзірленеді. Мен осы ұқсастыққа қайран қалдым», - деді суретші Амир ШАЙЕСТЕХ ТАБАР (Иран Ислам Республикасы).

Дәстүрлі фестивальді көруге асыққандар көп. Көрме осы айдың соңына дейін жалғасады. Оны тегін тамашалауға болады.


Теги: фестиваль