«Медеу» мұз айдынында өткен «Star of Asia» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған шара қала күні мерекесінің бастамасы болды. Әлемнің 118 елінде көрсетілген ауқымды шара қандай деңгейде өтті? Ұйымдастырушылар көрерменді қалай таңқалдырды?
Дүниежүзінің 118 елі көз тіккен халықаралық фестивалдің 2-ші күні әлемдік стандарт бойынша қызыл кілемнен бастау алды. Ауқымды мәдени шарада отандық эстрада жұлдыздары мен қатар Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Жапония және Әзірбайжанның белгілі әртістері өнерлерін паш етті.
«Мен осы фестивалге қатысқаным үшін қуаныштымын. Алматы мені жылы қарсы алды. Шараны ұйымдастыру өте жоғарғы деңгейде. Қазақстанға алғысым шексіз», - деді түркия Мурат БОЗ.
Заманауи, бірегей, жұмыс технологиясы ерекше бұл сахна бой көтеруі үшін Қазақстан, Ресей, Германия және Украина мамандары бірлесе ат салысты. Соның арқасында сахна төріне шыққан әрбір әртістің шырқаған әні көздің жауын алатын театрланған қойылымдармен әспеттелді.
Жалпы фестивалға 700-ден астам әртістің 300-ге жуығы бишілер. Жарық диодты костюмдер, ретрокөліктер, каскадерлер мен гимнасттар, симфониялық оркестр мен күтпеген дуэттер - бұл «Star of Asia» фестивалінің көрермендері тамашалаған қызықтардың бір парасы ғана. Хип-хоптан бастап классикалық музыка бағытындағы орындаушылар бүгінгі мен ескі хит әндерді талғампаз тыңдарманға ұсынды.
Үндістанның жас жұлдызы Санах Мойдутти елімізге алғаш рет ат басын бұрған. «Бұған дейін Қазақстанға келу арман еді» - дейді ол. Өйткені еліміз жайлы естігені көп.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Қазақстан жайлы естідім. Әрине, бұл елдің тарихы, қазақ халқының тағдыры саналы адамның назарын аудармай қоймайды. Ал шамалы ғана уақыттың ішінде Астана сынды қаланың бой көтеруі таңғажайып дүние. Онда өтіп жатқан ЭКСПО көрмесіне бару жоспарда бар. Алматы қаласына мен бірден ғашық болдым. Бұл жерде тұрып жатқандар бақытты шығар», - деді үндістан Санах МОЙДУТТИ.
Үндістаның шөлді Мумбай қаласынан келген фестиваль қонағы Алматы табиғатына таңдана да тамсанаға қарағанын жасырмады.
Айта кету керек, фестивальдің басты мақсаты - Алматыдағы туризм саласын дамыту. Дәл осындай ауқымды, халықаралық шара арқылы ұйымдастырушылар өзге елдерден келетін саяхатшылармен қатар ішкі туризмді де дәріптеуді көздеп отыр.
Алыс-жақын елдерден ат терлетіп келген қонақтар фестивальдің жоғары деңгейде өткенің айтады. Елімізде алғаш рет дүниенің түкпір-түкпірінен миллиондаған телекөрерменді көгілдір экран алдында жинаған бұл шара алдағы жылы биік шыңдарды бағындыра беретіні сөзсіз.
Нұрсұлтан Біләл, Влад Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы